Президент Шымкент әкімін қабылдады

577

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімін қабылдады. Ғабит Сыздықбеков Президентке шаһардың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26 пайызға артып, 724,3 миллиард теңгені құрады. Былтыр 1 миллиард 51 миллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Қала әкімінің мәліметінше, мегаполисте өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған.

Қала әкімі баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, шаһарда қазіргі уақытта 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3 498 жобаға жалпы сомасы 19,8 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

Сонымен қатар Президентке Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары баяндалды. Атап айтқанда, қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Шымкентте «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром нысандары бой көтерген. Былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және балаларға арналған шығармашылық орталық пайдалануға берілген. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған.

Есеп барысында Мемлекет басшысына жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысы жөнінде де баяндалды. Ғабит Сыздықбеков 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілгенін айтты. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Соңғы жылдары осындай жүйелі шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 33 пайызға азайған.

Бұдан бөлек Президентке мемлекет меншігіне қайтарылған нысандар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта салынды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.