«Әуежай маңындағы үйлерді жаппай сүргеннен көрі, жаңа ұшу-қону жолағын салу оңайырақ». Мегаполис шенеуніктері осылай дейді. Арна тілішісі 30 жылдан астам уақыт әуе айлағына жақын тұрған үй иелерімен тілдесіп, тұрғындар мен әкімдік арасындағы дау туралы біліп қайтты.
«Ұшақтардың қай уақытта ұшып қонатынын үйде шай ішіп отырып біліп отырасың. Бәрі естіледі»
30 жылдан астам уақыт әуе айлағына жақын тұрған үй иелері әр ұшақтың ұшу кестесін жатқа біледі. Соның бірі — Жүзімхан Оңалов. Ол бұл жер учаскесін әуежай орны ауысады деген үмітпен 2016 жылы сатып алған екен.
«Бұл аэропорт болмайды. Орнына КТЖ келеді, бұл жер екінші Шымкент болады деді кезінде. Сонымен көшіп келдік осы жерге. 2021 жылдан бастап бұл жер қызыл аймақта орналасқан, ертең жаңа аэропорт ашылады, сол кезде мына жердің бәрі ұшып қонғанға әсер етеді деді. Мына жер қызыл аймақ, Әйтенов көшесіңдер деді бізге» ,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жүзімхан Оңалов.
Бұл мәселе бірнеше жылдан бері сол жердегі тұрғындардың уайымына айналған. Жауаптылар қазір мәселе оңынан шешіліп жатыр дейді.
Нұрбол Жүнісбеков, Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: «Транспорт басқармасымен бірлесіп, аэропорттың екінші жолағын салуды көздеп отырмыз. Ол теміржол линиясы өткен оңтүстік жағынан түсетін болады. Яғни, заманауи ұшу жолағы түседі. Жолақ түскен жағдайда біз айналасындағы үйлерді мемлекет мұқтаждығына алмайтын боламыз. Яғни, санитарлық зонаның аймағынан шығарамыз ол үйлерді».
Шымкенттегі жер мәселелері шетінен шешімін тауып келеді. Жақында мегаполистің дизайн-кодын тұрғындар талқылауына ұсынды. Оны әзірлеуге 106 млн. теңге бөлінген.