Шымкент әуежайының жаңа терминалы қашан ашылады?

Шымкент халықаралық әуежайының жаңа терминалын қашан пайдалануға береді? Әзірге құрылыстың 85 пайызы аяқталды. Жаңа терминал ашылса, жолаушы өткізу қабілеті 10 есе артып, қызмет көрсету аумағы 36 мың шаршы метрге жетеді.

Шымкент әуежайының жаңа жолаушылар терминалы шілде айына дейін қолданысқа беріледі. Бүгінге дейін жұмыстың 85 пайызы аяқталған. Қазір құрылыстың екінші кезеңі жүріп жатыр.

«Аэропорттың құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған. Осы жылдың бірінші жарты жылдығы соңына дейін жаңа жолаушылар термимналын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезең толық аяқталды. Екінші кезең бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Терминал құрылысы аяқталғаннан кейін жалпы қолданыстағы әуежайдың жолаушылар өткізу қабілеті 200 адам болса, жаңа жолаушылар терминалы сағатына 2000 адамға қызмет етуге мүмкіндік береді«, – деді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Досымхан Жанұзақов

Жаңа терминал пайдалануға берілген соң жолаушыларға қызмет көрсету көрсеткіші 10 есе өспек. Бұл алдымен жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік беріп, қалаға келетін турист саны артады дейді мамандар. Қазіргі әуежайдың қызмет көрсету аумағы 1800 шаршы метр болса, жаңа териманалдың аумағы 35 мың болмақ.

Досымхан Жанұзақов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Жалпы әкімдік тарапынан инвесторды қолдау мақсатында жаңа терминалға баратын инфрақұрылым жүйесінің құрылысы жүргізілді. Жол салынды. Ол жаққа баратын энергетикалық жүйенің бәрі тартылды. Сонымен қоса әуежайдың алдынан жаңа үлкен автотұрақ салынды. Оған шамасы 6,2 млрд. теңгедей жергілікті бюджеттен ақша жұмсалып, әкімдік тарапынан инвесторды қолдау жұмысы жүргізілді. Терминал – ұшып келу, ұшып кету, багаждар беру, тіркелу секілді 7 аймақтан тұрады».

Инвесторды қолдау үшін әкімдік инфрақұрылым желілері жүргізіліп, жол салып, автотұрақ құрылысын аяқтаған. Халықаралық стандартқа сай болатын жаңа әуежай терминалында алты телескопиялық тарап қойылады. Яғни жолаушылар ұшаққа міну үшін сыртқа шықпайды. Және 6 гектар аумақта перрон құрылысы жүріп жатыр.