Шымкентте 25 жастағы жігіт тұрғындардың телефонын алдап алып, ломбардқа өткізіп жіберген

188

Шымкентте жас жігіт тұрғындардың ұялы телефонын алдап алып, оны ломбардқа өткізуді кәсіпке айналдырған. Көп ұзамай күдікті қолға түсті.

Полицияға Түркістан облысының тұрғыны арызданған. Айтуынша, бейтаныс жігіт әлдекімге қоңырау шалу үшін ұялы телефонын сұрап алып, кейін белгісіз бағытқа қашып кеткен. Бұдан өзге полицияға тура осыған ұқсас арызбен тағы бір жәбірленуші жүгінген. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 720 000 теңгені құрады.

«Тәртіп сақшылары аталған жайтты «Алаяқтық» бабы бойынша тіркеп, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы жігіт полиция басқармасына жеткізілді» деп хабарлады қалалық полициядан.

Тергеу барысында жас жігіт ұрланған смартфондарды ломбардқа өткізіп үлгергені анықталды. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені белгілі болды.

Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.