Шымкентте 5 құрылыс дүкені өртенді

41

Шымкентте 5 құрылыс дүкен жанып кетті. Өрттің аумағы 1300 шаршы метрді құраған. Қызыл жалынды сөндіруге 38 техника мен 190 адам жұмылдырылды. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, мән-жайы анықталып жатыр.

Шымкентте қатар орналасқан 5 құрылыс материалдарын сататын дүкен өртке оранды. Бұл туралы хабарлама 17 қаңтарға қараған түні сағат 1:14-те түскен. Төтеншеліктер оқиға орнына 5 минутта жетіп үлгергенімен шақыртудың кеш түсуі себепті өрт аумағы 1300 шаршы метрге жеткен екен. Өрт сөндірушілер таңға дейін қызыл жалынмен арпалысып, сағат 4:57-де толығымен сөндірген.

Өрт орнына бірінші келген шақырту бөлімі 01:19-да келген. Яғни, шақыртудан кейін 5 минутта өрт орнына келді. Өрт орнына келген кезде жалпы ауданы 1300 ш.м. құраған. 5 құрылыс заттарын сататын дүкендердің ашық отпен жанғаны айқындалды. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде күш-құралдарды жұмылдыру өрт орындарын дұрыс шешу бағыты таңдалуынан өрт бақылауға алынып, қасында орналасқан сауда орындарына және дүкендерді артында орналасқан үйлерге өрт таралуына жол берілмеді” — деп мәлімдеді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Алдын ала болжам бойынша өрт шығуына екі жағдай себеп болуы мүмкін. Ал ғимараттар бір-біріне өте жақын орналасқан. Және бәрінде өрт қауіпсіздігі сақталмапты. Төтеншеліктер мұндай мекемелерді өрт қауіпсіздігіне қарсы тексере алмаймыз дейді. Себебі, республика бойынша жарияланған мораторийге байланысты микробизнес нысандары өртке қарсы қызмет тарапынан тексеруге жатпайды.

“Бірінші себебі – электротехникалық сипаттағы, яғни электр желілерін пайдаланған кезде орын алған бұзушылықтар салдары. Екінші қарастырылып отырған себеп – адамдардың отпен абайсыз болуы. Өрт салдары бойынша зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Бұл жыл басынан бері 7-ші өрт фактісі. Олар — жер үйлер мен көліктерде болған”, — деді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Әл-Фараби ауданында болған өрт оқиғасына 38 техника мен 190 адам жұмылдырылды. Бұл жайтқа қатысты ҚР ҚК 292-бабы 1-тармағы өрт қауіпсіздігін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір өрт орын алған жерде анықтаушылар тобы жұмыс жасап жатыр. Сараптамалар тағайындалды.