Шымкентте дүниеге келген үшем перзентханадан шығарылды

Шымкентте Айшах, Айлуна және Айлана есімді үшем перзентханадан шығарылды. Екі қыз бен бір ұлды 37 жастағы ана кесарь тілігі арқылы босанған. Қазір анасы мен балаларының денсаулығы жақсы.

Айлуна мен Айлана есімді қыз, Айшах есімді ұл бүгін перзентханадан шығарылды. 37 жастағы Әйгерім Әбдіқадырованың тұңғышы қыз. Ол екінші жүктілігінде үшем дүниеге әкелді. Әйгерім қазір өзінің де балаларының да жағдайы жақсы екенін айтты.

“Жүктілігім еш қиындықсыз өтті. Босануым да еш қиындықсыз. Ақ халаттылардың арқасында аман-есен босанып алдым. Бір қызымыз бар еді, енді үш қыз, бір ұлым бар, бақытты анамын!”– дейді Айгерім Әбдіқадырова.

“Әсерімде шек жоқ. Алланың берген үшемі дүниеге келді аман-есен. Қуаныштымыз. Бір ұлым, үш қызым… Бақыттымын. Қуаныштымын өте!” -дейді қала тұрғыны Ербол Бердібеков.

Сәбидің екеуі 2 келі 600 грамм салмақпен өмірге келсе, біреуі 1 жарым келі болып дүниеге есігін ашқан. Нәрестелер біраз уақыт патология бөлімінде ем алыпты. Қазір үшеуінің де денсаулығы жақсы дейді ақ халаттылар.

Гүлбану Сыздықова, қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:
“2024 жылдың алғашқы үшемін босандырып, аман-есен үйіне шығарып отырмыз. Өте қуанышты жағдай болып жатыр перинаталдық орталықта. Кесарь тілігі арқылы босанды, үшем болғандықтан, біреуі жамбаспен жатқандықтан. Операциядан кейінгі кезең жақсы, оңтайлы өтті. Анасында ешқандай асқыну болған жоқ. Балалар күні жетпей босанғандықтан нәрестелер патологиясы бөлімінде емін алды”.

Көпбалалы атанған ананы құттықтап келгендер көп. Ал үшемді үйінде дастархан жайып, жақындары күтіп отыр екен. Айта кетейік, өткен жылы қалалық перинаталдық орталықта 3 үшем дүниеге келген.