Шымкент прокурорлары әлеуметтік несиелік тұрғын үй алудың қылмыстық схемасын анықтады.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, көші-қон полициясы қызметкерінің 16 адамға қатысты әлеуметтік баспана алу үшін тұрғылықты тіркелу уақытына заңсыз өзгеріс енгізу фактісі анықталған. Жинақталған құжаттар Қылмыстық кодекстің 369-бабы 2-1-бөлігінің (құқық қорғау органының қызметкері жасаған қызметтік жалғандық) негізінде СДТБТ-ге тіркелді. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сотта көші-қон полициясы қызметкерінің кінәсі толық дәлелденіп, 1,5 жылға сотталды. Сонымен қатар ол «полиция майоры» шенінен айырылды.
Бұдан өзге тағы 147 адамды жалған тіркеуге қою фактісіне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазіргі уақытта кезекке жалған тіркелу мүмкіндігін болдырмайтын және негізсіз өтініштерді сүзуге мүмкіндік беретін жаңа автоматтандырылған жүйе енгізілді.