Шымкенттегі екінші оқушылар сарайының құрылысы тоқтап тұр

51

Шымкенттегі екінші оқушылар сарайының құрылысы тоқтап тұр. Республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс 8 млрд. теңге былтырдан бері әлі берілмей отыр. Бүгінде тек 30 пайызы аяқталған нысанды жыл соңына дейін ел игіліне тапсырамыз дейді жауаптылар.

«Тұран» шағынауданындағы оқушылар сарайының құрылысы тоқтап тұр. Биыл көктемде ел игілігіне берілуі тиіс нысанның құрылыс жұмыстары былтыр мамыр айында басталған. Аталған жоба құны 9 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Бүгінде республикалық бюджеттен бөлінуі керек болған 8 млрд. теңге, әлі де берілмей отыр.

«Жалпы жобаның құны 9 млрд-қа жуық. Жоба бойынша 1 млрд теңге жергілікті бюджеттен, ал қалған  8 млрд. теңге республикалық бюджеттен келуі керек болған. Әкімдік бөлетін 1 млрд. қаржыны біз бөлдік, сол қаржыға жұмыс басталып кеткен. 2,5-3 млрд-қа жуық қаржы жұмсалып қойды. Республикадан келетін 8 млрд. теңгенің мәселесі шешілмей тұр» ,- деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филилалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Жауаптылар аталған жобаға былтырдан бері неліктен қаржы бөлінбей отырғанын сұраған көрінеді. Айтуларынша, үкімет еліміздегі барлық оқушылар сарайының типтік проекттерін қараймыз деген. Ал, мәжілісмен Данабек Исабеков нысан құрылысын тез арада аяқтау қажеттігін айтып, аталған мәселені тиісті орында көтеретінін жеткізді.

Данабек Исабеков, ҚР Мәжіліс депутаты: «Құрылысты аяқтау үшін бізге 8 млрд. теңге қаражат республикалық бюджеттен бөліну қажет екен. Ертең мен Парламентке барған кезде, өзіміздің дәрежеде бұл мәселені көтеремін. Республикалық бюджеттен 8 млрд. теңге қаржы бөлу үшін тиісті жұмыс атқарамыз».

Айта кетейік, жобаға жауапты мердігер мекеме «BI-Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының небәрі 30%-ы іске асырылған. Жауаптылардың сөзіне сенсек, егер тиісті қаржы бөлінсе жаңа оқушылар сарайы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылатын болады.