Шымкенттегі ескі қалашықта орналасқан медресе апатты деп танылды

Шымкентте Ескі қаладағы мешіт аумағындағы медреселер бұзылып, ғимарат апатты деп танылды. Жоспар бойынша жаңа нысан бір жыл ішінде «белгісіз» демеушінің есебінен салынады. Алайда, нысанды көруге келген Шымкент әкімі ғимаратты екі айдың ішінде қалпына келтіруді тапсырды. Ғабит Сыздықбеков алдағы уақытта билікпен келісілмеген бұзушылықтарға жол берілмейтінін айтты.

Медресенің бұзылып жатқаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат көпшіліктің наразылығын тудырды. Құрылыс орнындағы бейнежазбаны көрген желі қолданушылары бұл шешімнің дұрыс еместігін айтып, тіпті діни мекеме ғимаратының ескі мешітпен тең мәні бар деген пікір білдірді. Қазір медресе ғимараты толығымен бұзылды.

«Басқа медресе құрылайын деп жатыр ғой. Тұрақ болады дейді, макеты тұр ғой. Дұрыс істеп жатыр деп ойлаймын. Жаңадан салғаны дұрыс қой, реконструкция жасағаннан гөрі, мен солай ойлаймын»,- дейді қала тұрғыны.

«Ескі мешіт қой, қанша жыл болды тұрғанына, білуімше 1989 жылы салынған. Бұл мешіт ЮНЕСКО-ға түсуі керек еді. Ескіден де бірдеңе қалу керек қой, дұрыс емес пе?!» – дейді енді бір тұрғын.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жаңалықтан бүгін ғана хабардар болғанын айтады. Қала басшысы билікпен келісілмеген бұзуға жол бермеуді және жаңа медресе ғимаратының құрылысын бір жылға созбауды тапсырды.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Халық бар ғой, бәріміз бармыз ғой. Мен енді естіп тұрмын, әрине мен жауаптымын бұған, сіздер емес. Кездесу керек еді халықпен, журналистермен, айту керек еді, түсінідіріп осының бәрін. Мен таңертең білдім, мына жігіттер де білмейді. Дін басқармасы қайда? Неге тығылып тұрсыңдар?!»

Жаңа ғимараттың құрылысына атын атағысы келмеген демеушінің есебінен шамамен 135 млн. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Шымкент қаласының бас имамы діни мекеменің ескі ғимараты апатты жағдайға жетіп, онда кіру өте қауіпті болғанын айтты. Сөзінше, ескірген едендер мен су ағатын шатырлар тәрбиеленушілерге қауіп төндірген.

«Видео арқылы дау туып жатыр. Тарихи мешітті алып тастапты, басқа қылыпты деген сияқты. Ол негізсіз. Себебі тарихи мешіттің орны міне тұр. Келесі ғңимарат жарамсыз болып табылғаннан кейін ғана, барлық құжаттары бар, «тарихи мешіт» деп жатқандардың барлығына дәлелдейтін барлық құжаттарымыз бар. 1980 жылы салынған. Одан алдын салынған дейтіндерге жауабымыз: осы мешітті салған адамдардың ұрпақтары бар. Олар да келіп отыр», – деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.

Жами мешіті немесе халық арасында Қошқар ата мешіті атанып кеткен бұл нысан 19 ғасырда салынған. Бұл Қазақстандағы классикалық Ферғана сәулеті стилінде тұрғызылған және Қоқан билігінен бері сақталған жалғыз ғимарат. Жергілікті билік мешіт ғимараты бұзылмайды деп сендірді.