«Сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресу керек»

22

Аға буын өкілдері бүгінде етек жайған сыбайлас жемқорлықпен күреске қоғам болып жұмылу керек деп есептейді. Пайымдауларынша Заң бәріне бір, ол жоғарыдағы лауазым иелерінен бастап қарапайым халық тарапынан бұлжымай орындалса, азаматтардың құқықтық сауаттылығы жоғары болса, қоғамдық бақылау күшейтілсе аталған дертті жоюға болады. Аға буын өкілдері осы тұста ұлттық құндылықтарымызды балаларға жастайынан дәріптеу де маңызды дейді.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін үнемі айтып келеді. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Ең бастысы заңның үстемдігін қамтамсыз ету керек, азаматтардың құқықтық сауаттылығын ашу қажет деп есептейді аға буын өкілдері.

Қанжігіт Сыздықов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі: «Жемқорлықпен күрес бұл үлкен мәселе, біздің елде емес, әлемде бар дүние. Мұнымен біз жиырма шақты жыл күресіп жатырмыз. Заң қабылданды. Көп тірлік істелініп жатыр. Дегенмен мен ойлап жүрген бір нәрсе бар. Осы заңның үстемдігі жоқ. Заңды қабылдаймыз қарапайым халық орындайды, қолында билігі барлар соған заң жұмыс істейтін сияқты. Осы заңның үстемдігін жөндесек. Сосын, екінші бір нәрсе, бұл үгіт-насихатпен, жарнамамен жөнделе қоймайды. Бұл үлкен мәселе- халықтың құқықтық сауатын көтеруіміз керек».

Сыбайлас жемқорлықтың басты себеп­те­рінің бірі–мемлекеттік қызмет түр­леріне адами фактордың араласуы және сол қызметтері үшін қомақты қаржы талап етуі. Осындай деректерді азайту мақса­тын­да мемлекет басшысы онлайн ұсыны­латын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мен санын арттыруға тапсырма берді. Сөзінше, бұл бюрократия мен жемқорлықты төмендетуге, сондай-ақ мем­лекеттік органдарды неғұрлым тиімді және ашық етуге мүмкіндік берді. Бұл пікірмен қоғам белсенділері де келіседі. Олар, Цифрландыру-жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді деп санайды.

Қанжігіт Сыздықов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі: «Соңғы кезде президент көп нәрсе жасады. Қоғамдық кеңестің құқығын үлкейтті. Бюджеттік программалармен жұмыс істеу жөнінде. Ал өткен жылы қазан айында Заң қабылданған. Ол заң, құдай қаласа, 2 сәуірде күшіне енеді. Бұған байланысты қарапайым халықтың, қоғамдық ұйымдардың да енді мемлекеттің  істеп жатқан жұмысын  көруі, араласуы, баға беруі кеңейеді. Енді осыны пайдалану керек».

Сыбайлас жемқорлықтың үдеп бара жатқаны және оның ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл проблемаға тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізетінін аңғару қиын емес. Сондықтан бұл келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе , деп есептейді ардагер.

«Барлығы халықтың өзіне байланысты. Халық болашағым жақсы болсын, бала-шағамның жағдайы жақсы болсын десе, біз өзіміз жұмыс істеуіміз керек. Азаматта тұрған ештеңе жоқ. Олар жұмыс істейді, қателеседі. Баяғыда да қателескен. Қатені жөндеу үшін қазақта жақсы сөз бар. «Ұят болады. Обал болады. Сауап болады» Атамыздан қалған осыны балаларға ұялатуымыз керек. Сосын ел болып күрессек, жөндейміз. Болашағымыз жақсы болады. Мен сенемін»-деп түйіндеді ойын Қанжігіт аға.