Төтеншеліктер мен жастар арасында меморандум түзілді

Шымкентте мектеп бітіруші түлектерге арналған «Мамандық таңдау – болашақты таңдау» тақырыбында кездесу өтті. Жиында қалалық жастар ресурстық орталығы мен төтенше жағдайлар департаментінің арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Төтеншеліктермен кездескен жастарды қандай сауалдар мазалайды? Мамандық таңдауда қандай факторларға мән беру қажет? 

Енді шымкенттік оқушылар төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге қауіптің алдын алу мақсатында жұмыс істей алады. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге атсалысу, тұрғындарды құлақтандыру үшін атқарылатын қызметке қосылам деушілерге төтеншеліктер жол көрсетуге дайын.

«Меморандумның басты мақсаты – Отанға деген сүйіспеншілігі мол, қоғам алдында жауапкершілігі терең жастарды тәрбиелеу. Азаматтық қорғау органдарындағы жастарды қала аумағында өтіп жатқан бұқаралық, мәдени, спорт шараларына қатыстыру, тарихи-ағартушылық бағыттардағы жұмыстарға қатыстыру. Құтқарушыларды дайындайтын ҚР жалғыз ЖОО бар, жастарға сонда түсу шарттарын түсіндіру, осы салаға жұмысқа кіру шарттарын түсіндіру болып табылады», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекзат Қамбаров.

№66 Қазығұрт жалпы орта мектебінің бітіруші түлектері қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен кездесті. Мектеп оқушыларына арналған жиында «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен департамент арасында кадр және тәрбие, идеология бағытында екі жақты бірлескен меморандумға қол қойылды.

«Мектеп бітірушілерге арналған мамандық таңдау бойынша іс-шара өткіздік. Ойлаймын бүгінгі іс-шарадан жастар өздеріне керекті мағлұматтарды алды деп. Алдағы уақытта қаламызда төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ақпараттандыру жұмысына біздің жастар ресурстық орталығы қызметерлері, сондай-ақ, жастар жұмылдырылып, ТЖ бойынша қала тұрғындарына түсіндірме жұмысы жүргізілетін болады«, – дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.

Жиын соңында мектеп оқушылар жаңа өрт сөндіру депосының ғимаратымен, қызметкерлердің жұмысымен және өрт сөндіру техникаларымен танысты.