Түркістан мен Шымкентте 3 ақпанға дейін қар күтіледі

38

Кеше түннен бастап Шымкент пен Түркістан облысы аумағында қалың қар түсті. Сондықтан мамандар дауылды ескерту жариялап, бірқатар жолдарды жапты. Синоптиктердің мәліметінше алдағы күндері де ауа райы -14 градусқа дейін төмендеп, бірнеше күн қатарынан қар жауады.

Бүгін түнде Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Онда автокөліктің барлық түріне шектеу қойылды. Тәртіп сақшылары ауа райы тұрақталғанға дейін алыс сапарға шықпауға шақырды.

«Қазіргі уақытта Түлкібас ауданы Шақпақ баба мен Жамбыл облысының шекарасындағы республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез халықаралық автожолы жабық. Осыған байланысты облыс тұрғындарын аса қажет болмаса жолға шықпауларын сұранамыз! Ұзақ жолға шығу аса қажет болып жатса көлікті дайындап, көп мөлшерде жанар-жағармаймен қамдап, қосымша сыртқы жылы киімдер мен азық-түлік алуды ұсынамыз», — дейді Түркістан облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков.

Кеше түннен бері Шымкенте бірнеше см қар жауып, ауа райы күрт өзгерді. Синоптиктердің айтуынша Түркістан облысының таулы аумағында ақ ұлпаның қалыңдығы 80 см-ге дейін жеткен. Сондықтан өңірде дауылды ескерту жарияланды.

«Бүгін облыстың басым бөлігінде қар түсті. Алдағы уақытта, яғни, 1 ақпанда тәулік бойы, 2 ақпанда түнде облыста қар және облыстың таулы аймақтарында қалың қар жауады. 1-2 ақпанда желдің ұйытқуы 15-20 м/с, ал таулы аймақтарда жел 23-28 м/с-қа дейін күшейеді», — дейді РМК «Казгидромет» Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі Әсем Нұрлыбаева.

Күн райының бұзылуына байланысты мамандар апта соңына дейін сапарға шықпауға кеңес береді. Сонымен қатар түнгі уақытта ауа температурасы -5 градус, ал өңірдің кей жерлерінде -9 бен -14 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.