Жамбыл облысында 26 көліктің қатысуымен жол-көлік апаты болды

Алматы-Шымкент тас жолында 26 автокөліктің қатысуымен жол-көлік апаты болды. Оқиға 31 қаңтар күні таңертең Батыс Еуропа-Батыс Қытай республикалық маңызы бар автомобиль жолының 567-ші шақырымында орын алған.

Полицейлер көктайғақ пен қарлы боран салдарынан 4 жолаушылар автобусы, 9 жүк көлігі және 13 жеңіл автокөлік соқтығысқанын мәлімдеді. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына 26 адам жүгініп, олардың төртеуі реанимацияға жатқызылған. Тағы төртеуі хирургия бөлімшесіне түскен. Қалған 18 адам амбулаториялық ем алып, үйге шығарылды.

«31 қаңтарда таңғы сағат 10-да ауа-райына байланысты көліктердің соқтығысуы болды. Қатты қардың салдарынан жүргізушілер бір-бірін көрмеген. Біз жүргізушілерден көлікпен ұзақ сапарға шықпауды, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынуды сұраймыз«, – Жамбыл облысы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев.

Түркістан облысының аумағында қалың қар жауады, ал таулы аудандарда – боран соғады. 30 қаңтардан 31 қаңтарға қараған түні облыс полициясы жолдарды күзетіп, күшейтілген режимде қызмет етуді жалғастыруда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кеше түнде құқық қорғау органдары республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тартылды.

«Қызылорда облысы Шорнақ ауылының аумағы учаскесінде көлік қозғалысының барлық түрлері шектелген. Түннен бастап бұл жолда 22 арнайы техника жұмыс істейді, ол қардан тазартылды және бүгінде жол ашық. Тәртіп сақшылары автокөлік жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта Шақпақ баба мен Жамбыл облысының шекарасындағы Алматы-Ташкент-Термез республикалық маңызы бар автожолы Түлкібас ауданының аумағында жабық. Осыған байланысты облыс тұрғындарынан аса қажет болмаса жолға шықпауын сұраймыз. Сондай ақ міндетті түрде жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жылдамдықты асырмауға шақырамыз«, -деді Түркістан облысы ПД Патрульдік полиция батальонының взвод командирі Бақтыбек Жәнібеков.