Шымкенттік бір топ тұрғын жоқ жиһаздың кредитін төлеп жүр. Олар дүкен сатушыларына ақшасын беріп, не жиһазды ала алмай, не қаражатты қайтара алмай жүр.
«Әпше, білгеніңізді істеңіз, 102 шақырасыз ба, не шақырасыз, өзіңіз білесіз» деді. Ешқандай ақшаңызды қайтармаймын» деді. Маған солай тіке айтты»
Шымкентте 10 шақты тұрғын қаладағы базарлардың бірінің жанынан ашылған жиһаз дүкеніне алданып қалдық дейді. Айтуларынша, бұл дүкен басқалардан арзанырақ баға ұсынған. Ақыр соңында не ақшасыз, не жиһазсыз қалған.
«Басқа жерлер 25 мың деген столды 21 мың деді ғой. Содан 40 штук есептеттім, ол 840 мың теңге болды. Ал столды қолдан істеймін деді. 8 метр стол 220 мың теңге болды. Барлығы 1 миллион 200 мың теңгеге шықты. Содан кредит рәсімдедім. 83 мың 34 теңгеден әлі төлеп жатырмын 3 ай болды. Жиһазды мен өзім алып кетейін десем, не складының мекен-жайын айтпайды» ,- дейді Отырар ауданының тұрғыны Ақмарал Дәулетбай.
Соңғы екі айда бұл дүкенге шағым көбейген соң базар басшылығы да шара қолданыпты. Қазір дүкеннің есігі мөрленген. Ақшасын беріп, тауарын ала алмай жүргендер қарашадан бері полицейлерге арыз жазсақ та іс қаралмады дейді.
«Абай Аудандық ПБ барып, ол жақта бір сағат тұрып, бастығын шақыртып әрең арызды қабылдаттық. Сөйтіп 4 күннен кейін маған участковыйдан қылмыстық құрамы жоқ деген материал келеді» ,- деді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрсұлу Ілесбаева.
Базар басшылығы жиһаз сатушыларымен телефон арқылы сөйлесіпті. Олар жиһаз толы қоймасы бар екенін айтып, бірақ көрсеткісі келмеді.
Полицияның хабарлауынша, он шақты күн бұрын дүкен қожайындарының бірі пышақ жарақатынан көз жұмған. Сондықтан цехті мөрлеп, уақытша жауыпты. Ал дүкен иелеріне қатысты іс қозғалмау себебін былай түсіндірді.
Ерік Көлбаев, Абай АПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары: «ҚР қылмыстық процесуалдық кодексінің 179 бабында көрсетілген. Екі тараптың арасында жазбаша немесе ауызша келісім болған жағдайда ол сот отырысында қаралуы тиіс. Сол жарамсыз деп танылғаннан кейін бастап қылмыстық іс қозғалады деп көрсетілген»
Енді жұрт айлап күткен жиһазын не ақшасын қайтару үшін сотқа жүгінуі керек. Олар прокуратураға және полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне арыз жазамыз деп отыр.