«Электр бағанасы құлайын деп тұр. Қаладағы тозығы жеткен аялдамаларды бізге әкеліп қойған»

39

Мегаполистегі «Игілік» тұрғын алабындағы кей көшелерде электр бағаналарының әбден тозығы жетіп, құлайын деп тұр. Тұрғындар мәселені өздерінше шешуге кірісіп, бағаналарды ағашпен тіреп қойған. Елді мекендегі аялдамалар да жетісіп тұрған жоқ. Қаладағы тозған, тіпті сынған аялдамаларды осында әкеліп қояды екен. Осы мәселелер бүгін «Аманат» партиясының қабылдауында көтерілді. Жауаптылар не дейді?

Қатты желді күндері Абай ауданына қарасты «Игілік» елді мекеніндегі бұл көшелер жиі жарықсыз қалады. Өйткені мұндағы электр бағандарының әбден тозығы жеткен. Тіпті кейбірі құлайын деп тұр. Шарасыз халық мәселені өздерінше шешуді қолға алған.

Ал, көшенің аяқ жағындағы электр бағанасынан бірнеше үй сым тартып алған. Бұл баспаналарда электр жарығының қуаты тіптен аз дейді тұрғындар. Ашынған халық бұл мәселені былтыр да көтергенбіз, алайда әлі шешілмей келеді дейді.

«Бір бағанадан 5-6 үй сым тартып алған. Бұл мәселені алдыңғы жылы да айтқанбыз. Шешеміз деген, әлі шешілген жоқ. Ағаш бағаналарды ауыстырып, жаңа сым тартамыз деген. Енді оны тағы қанша күтеміз? Әрбір үйде 4-5 баладан бар. Құлап кетпе ме, деп қорқып отырмыз»,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрлан Сүлеев.

«Біріншіден трансформаторды ауыстыру керек. Біздегі жарықтың қуаты 150-160В. Тіпті 200-ге жетпейді. Мына көше 1 шақырым болса, көшенің басында бір ғана трансформатор тұр» ,- деді Шымкенттік тұрғын Бауыржан Бекботаев.

Осы мәселелерді елді мекен тұрғыны Роллан Әбдуәлі «Аманат» партиясының қоғамдық қабылдауында көтерді. Сондай ақ, ол «Игілік» тұрғын алабындағы басқа да өзекті проблемаларды айтты. Оның айтуынша аймақтағы аялдамаларда бірізділік жоқ. Себебі қаладағы тозығы жеткен аялдамаларды осында әкеліп қояды екен.

Роллан Әбдуәлі, Шымкент қаласының тұрғыны: «Игілік елді мекенінде бірнеше аялдама бар. Бәрі ескірген. Қаладағы тозған, әйнектері сынған аялдамаларды біздің елді мекенге әкеліп қойған. Аялдама жолы асфальтталмаған. Бүгінгі қабылдауда осы мәселені де айттым»

Қабылдауға келген Абай ауданы әкімдігінің өкілі электр бағаналарының мәселесі «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесіне қарайды дейді. Алдағы уақытта қызмет көрсетуші мекемеге ұсыныс беріп, биыл ескі бағаналар ауысады деп жауап қатты. Жауаптылар тозығы жеткен аялдамалар бойынша да мәселе өз шешімін табады деп сендіріп отыр.

Димаш Дәуренбеков, Абай аудандық әкімдігінің аппарат басшысы: «Игілік шағын ауданындағы ескірген бағаналардың көлемін анықтап, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесіне ұсыныс тастап, биыл ауыстыру жұмыстарын жүргіземіз. Қабылдауда аялдама мәселесі де көтеріліп жатыр. Биыл қаланың орталық көшелеріне заманауи аялдамалар орнатылып, қаладан шығып жатқан ескі аялдамаларды шеткі елді мекендерге уақытша қойып беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірізділендіру мәселесін алдағы уақытта қаралады. Сынған аялдамалардың барлығын жөндеп, ретке келтіреміз»

Байқағанымыздай, құжаттар реттеліп, тиісті жұмыстар басталғанша біраз уақыт қажет. Ал онсыз да құлайын деп тұрған электр бағаналарының енді ұзаққа шыдамасы анық. Сондықтан тұрғындар мәселені жедел шешіп беруді сұрап отыр.