1 жарым мыңға тарта өтініш бойынша күдіктілерге қатысты тергеу жасырын жүргізілген

40

Шымкентте 1400-ге жуық өтінім бойынша күдіктіге жасырын бақылау жүргізілген. Олардың әлеуметтік желісі мен телефон қоңыраулары тыңдалып, сот процесінде қолданылды. Одан бөлек мамандандырылған тергеу сотының шешімімен мәйітті эксгумация жасау ісі жүзеге асқан.

Былтыр Шымкентте мамандандырылған тергеу сотына 1500-ден аса жасырын бақылау жүргізуге өтініш түскен. Оның 1400-ге жуығы мақұлданып, олардың әлеуметтік желісі мен байланыс номері тыңдалды. Сонымен қатар, күдікті азаматтың жұмыс орнына бейнебақылау орнату арқылы тергеу жүргізілген.

«Бір-бірімен ақпарат алмасады ғой. «Сен өткенде ананы істеп қойып едің ғой. Мынаны істеп едік». Солардың бәрі жазылады. Ол қылмыстық істе қолданылады. Бірақ жасырын тергеу әрекеті оңды-солды берілмейді. Мысалы шұғыл уәкіл тергеушінің құжатын әкеледі. Қазір қылмыстың түрі көбейіп кетті. Алаяқтың, басқа адамды қазаға ұшырату болсын, қарақшылық болсын, ашықтан ашық жымқыруға қолданылады», – дейді Сержан Айнабеков Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы.

Ал сот процесіне жіберілетін істердің ішінде 7 эксгумация жасауға өтінім түссе, оның 4-еуіне оң шешім шықты. Ал 2022 жылы 5 мәйіт қайта ашылып, экспертизаға жіберілген. Сот төрағасы көбіне тұрғындар діни сенімге сай мәйітті жерлеп қойғандықтан, қылмыстық құрамына қарай адамның моласын қайта ашуға тура келетінін айтады.

«Мәйітке зерттеу жүргізу керек болады. Мәйітке эксгумация жасау қаңтар оқиғасы, жол апатына қатысты болып жатыр. Сонымен қатар адам қандай да бір сырттан келген күштен қайтыс болуы мүмкін. Оны бірақ жылы жауып қою үшін бірден жерлеп тастайды. Кейін оның қандайда бір іске қатысы бары жайында прокурорлар өтініш жібереді. Мынадай негіздеме бойынша қандай да бір қылмыс ашылуы мүмкін деген жағдайды саралап, санкция беруге болады немесе бас тартуға болады», – дейді Сержан Айнабеков Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы.

Былтыр тінту жүргізуге 599 санкция сұралған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 51 пайызға көп. Мамандандырылған тергеу сотының шешімімен 551 іске қатысты тексеріс жүргізуге рұқсат берген. Ал тәркіленген заттар сот процесінде айғақ ретінде қолданылып отырады.