18-ден асқан 20 жасқа бір миллион теңгеге дейін грант беріледі

Шымкентте 20 жасқа шағын грант беру жоспарланып отыр. 1 млн теңгеге дейінгі қаржыны әлеуметтік жобасын ұсынған NEET санатындағы жастар ала алады. Алайда грант қаржысы жеңімпаздың шотына тікелей түспейді. 

Шымкентте 18-ден асқан жастарға 1 млн теңгеге дейін шағын грант беріледі. NEET санатындағы 35 жасқа дейінгі уақытша жұмыссыз азаматтарға конкурстық негізде 20 шағын грант беру жоспарланып отыр. Әлеуметтік жобаларға берілетін гранттың өзіндік талаптары бар. Мәселен ұсынылған жобаны өтініш беруші 4 айдың ішінде жүзеге асыруы қажет.

«Өтініш беруішінің жасы 18-ден 35 жасқа дейін болуы тиіс. Өтінім берген сәтте өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс. Әлеуметтік жобаларға бірнеше талаптар қойылған. Ең біріншісі, жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Екінші, өтініш беруші жобаны 4 айдан аспайтын мерзімде іске асыруы тиіс»,- дейді жоба жетекшісі Диана Қырғызбаева.

Грант қаржысы жеңімпаздың шотына тікелей аударылмайды. Ұйымдастырушы грант алушылар ұсынған төлем шоттары бойынша тікелей тауарлар мен қызметтерді жеткізушілердің есеп айырысу шоттарына қаражатты аударады. Бұл қаражатты заңсыз жолмен иемденудің алдын алады дейді ұйымдастырушылар. Ал жобаға қатысу үшін жастар 25 наурыз бен 24 сәуір аралығында өтінім бере алады. Іріктеу нәтижесі 15 мамырда белгілі болады.

NEET санатындағы жастармеен бірқатар жұмыстар атқарылатын болады. Шалғай елдімекендердегі жастармен жұмыс жасау, сондай-ақ қаладағы ірі сауда орындары, ірі базарларда аталмыш санаттағы жастарға елдегі мемлекеттік бағдарламалар, шағын несиелер, гранттар бойынша түсіндірме жұмыстары жалғасатын болады. Және осы санаттағы жастарға тағы да үлкен мүмкіндік»,- деді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.

Шымкентте 381 796 жас бар, бұл қала тұрғындарының 32 пайызын құрайды. 2023-2024 оқу жылында мегаполистегі колледждер мен университеттерде 125 мыңнан астам жас білім алуда. Айта кетейік, «Zhas Project» жастар корпусы» жобасы Шымкент қаласы және БҚО бойынша жүзеге асады. Жоспарға сәйкес үшінші мегаполиске 20, ал батыс өңіріне 8 грант бөлініп отыр.