42 оқушы қызылша жұқтырған

46

Небәрі 1 жарым ай ішінде Шымкентте 42 оқушы қызылшамен ауырған. Ал, балабақшаларда бұл вирусты жұқтырғандар саны 37-ге жетті. Өңірде сондай ақ, короновирустық инфекцияның өсуі де байқалады дейді жауаптылар. Мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал туралы санитарлық дәрігерлер арнайы брифингте айтып берді.

Жыл басынан бері Шымкенттегі мектептерде қызылшаның 42 жағдайы тіркелді. Ал, бала бақшаларда 37 бүлдіршін осы вируспен ауырған. Небәрі 2 айға жетпес уақыт ішінде мегаполисте қызылшамен ауырғандардың саны 600-ге жуықтаған.

Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласының СЭБ департаментінің басшы орынбасары: «Шымкент қаласында 2024 жылдың ағымдағы мерзімінде қызылшаның 591 расталған жағдайы тіркелген, көрсеткіші 48,4. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 444 жағдай (75,1%). Ауырғандардың ішінде ​егуден бас тартқандар – 172 (29,1%)»

Ал, коронавирустық инфекция бойынша жағдай салыстырмалы тұрақты дейді жауаптылар. Дегенмен, соңғы айларда бұл инфекцияның да өсуі байқалады. Бүгінде COVID-19-ды жұқтырудың 30 жағдайы тіркелді.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қаласының СЭБ департаментінің басшысы: «2024 жылдың бүгінгі таңына дейін  COVID-19 инфекциясымен 30 жағдай тіркелді, оның ішінде симптоммен — 30. 18 жасқа дейінгі балалар арасында 4 жағдай тіркелді. Аурушаңдық 2023 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 2,3 есеге төмендеген»

Санитариялық дәрігерлер ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық ахуалы салыстырмалы тұрақты екенін жеткізді. Алайда, ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялардың алдын алу үшін тұрғындарға халық көп жиналатын орындарда бетперде тағып жүрген абзал.