Шымкентте жоғалып кеткен он жасар бала тәртіп сақшыларының жылдам әрекет етуінің нәтижесінде жарты сағат ішінде табылды. Ұлы мектепке кетіп, қайта үйіне оралмағандығы жөнінде қала тұрғынынан хабарлама түскен. Өздігінше іздеп, нәтиже шықпаған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Жоғалған баланы жедел іздестіру шараларына Тұран АПБ Ювенальдық полиция қызметкерлері жұмылдырылып, қала аумағындағы тәртіп сақшыларына шұғыл бағыттама берілді.
Өз бетінше іздеуге кеткен уақыт пен баланың өміріне төнуі мүмкін қауіп-қатердің барлығы ескерілді. Тоқтаусыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде, жасөспірім сол аудан аумағында адасып жүрген жерінен табылды.
Белгілі болғандай мектеп оқушысы түсетін жерінен емес, басқа аялдамаға түсіп қалған.
Бала аман-есен ата-анасына тапсырылды. Өз кезегінде жергілікті азамат тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.