«Авимед» көпсалалы колледжі кәсіби маман дайындау бағытында бірегей конференция өткізді

64

Шымкентте «Авимед» көпсалалы колледжі қалалық №2 ауруханамен бірлесіп ғылыми — тәжірибелік конференция өткізді. Айтулы шараға ақ халаттылар, колледж ұстаздары мен студенттер қатысты. 

«Авимед» көпсалалы колледжі №2 қалалық ауруханасымен бірге кәсіби маман дайындау бағытында ерекше ғылыми — тәжірибелік конференция өткізді. Мақсат – заман талабына сай білікті мамандар дайындау. Жиынға колледж оқытушылары мен білім алушы студенттер, сондай-ақ, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов пен білікті ақ халаттылар қатысып, тәжірибе алмасты.

«Шымкент қаласында екіжақты «Авимед» көпсалалы колледжі мен Шымкент қалалық №2 ауруханада тәжірибе алмасу жөнінде ғылыми конференция өтуде. Өткізудегі мақсатымыз – студенттер арасында сапалы білімді ұйымдастыру, қазіргі заман талабына сай білікті де білімді мамандарды шығару. Ұсыныс бізден болды, бұған дейін мұндай конференция өтпеген еді, бұл біздің осындай алғашқы конференциямыз», — дейді «Авимед» көпсалалы колледжінің директоры Ақбаян Керімбекова.

Жиында мамандар орта медициналық персоналды дайындау шеңберіндегі білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізу, мейіргерлердің тәжірибелік дағдыларын дамыту, сонымен қатар мейіргерлік күтім сапасының өзекті мәселелері төңірегінде ауқымды баяндамалар жасады. Мейіргерлік кадрды даярлау жүйесі, кәсіптік білім берудегі мамандарды дайындаудағы жасанды интеллектің маңызы, мейіргерлердің негізгі тәжірибелік дағдылары мен компетенциялары тақырыптары талқыланды.

«Медбикелер білуі қажет медициналық дағдылар, олардың ұйымдастырушылық қабілеттері және пациенттермен, пациенттің туыстарымен және медициналық персоналдармен қандай қарым-қатынаста болуы қажет, жалпы жас мамандарға соны түсіндіремін. Пациенттерге сапалы қызмет көрсетуде мейіргелдердің маңызы өте жоғары екендігін айта отырып, оларды өзіндік ауқымды персонал екендігін дәлелдеп беру», -дейді «Авимед» көпсалалы колледжінің оқытушысы Жансая Лес.

Студенттер үшін тек теория жүзінде білім алып қана қоймай, мединиалық мекемелерде тәжірибеден өту, емдеу процесін көзбен көріп, қажет тұста жұмысты тәжірибе жүзінде жүзеге асыру маңызды. Ақ халаттылар да осыны айтады. №2 қалалық аурухананың бас дәрігері мықты кадр дайындау үшін тек барлық медициналық мекемелер оқу орындарымен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеу керек деген пікірде.

Бақытжан Позилов, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері: «Біз қалалық №2 аурухана Шымкент қаласындағы медицина колледждерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Бүгін ауруханада кәсіби біліктілікті арттыру бойынша үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп жатырмыз. Кез келген өркениетті елде аурухана болсын, клиника болсын міндетті түрде оқу орындарымен қарым қатынас болуы керек».

Конференцияда ота мейірбикелеріне сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, ғылыми-практикалық жиын қатысушыларына арнайы сертификаттар берілді. Айта кетейік, «Авимед» көпсалалы колледжі қазіргі таңда медицина және педагогика бағыттарында мамандар даярлайды. Биылғы оқу жылында мекемеде емдеу ісі, мейірбике ісі, стоматология және фармация мамандықтары бойынша 1100 студент білім алуда.