«Баланың жылаған дауысын естідім»: 5 баланы көршісі өрттен құтқарып қалды

1534

Шымкентте жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, бір отбасы баспанасыз қалды. Өрт кезінде үйде қалған 5 бала болған. Қызыл жалынды көріп, балалардың жылаған дауысын естіген көршілері бүлдіршіндерді терезеден алып шыққан. 

Құрсай шағынауданындағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, баспананың сау-тамтығы қалмаған.  Үйдің шатыры толығымен жанып, терезелері сынған. Өрт кезінде үйде ата-ана қарауынсыз қалған кәмелетке толмаған 5 бала болыпты. Абырой болғанда, көршілері құтқарып қалыпты.

Оқиға 2 ақпан күні түскі сағат 12:40 шамасында болған. Бекзат Таласбаев үйінің терезесінен қарағанда көрші үйдің баспанасынан өрт шыққанын байқапты. Балалардың жанұшыра жылаған дауысы шықты деген ол бірден ұлы мен өзге көршісін ертіп, кішкентайларды құтқаруға асыққан. Қою түтін салдарынан есіктен кіре алмаған соң, бүлдіршіндерді терезеден алып шығыпты.

«Балалардың дауысы шығып жатыр екен жылап жатқан, далада жүргем. Мән бермей үйге кіріп кеттім, бірақ жүрегім бііртүрлі болып, қайта шықсам көрші үйден түтін шығып жатыр екен. Сонымен үйге кіріп, баламды ертіп шықтым, кейін көршімді де шақырдым. Қоршаудан асып өттік, бірақ үйге кіре алмадық. Сөйтіп терезеден бес баланы алып шықтық. Біз келгенде 50 пайыз жанып жатыр еді«, -дейді көршісі Бекзат Таласбаев.

Балалардың әкесі басқа қалада жұмыс істейді екен. Ал аналары оқиға болған уақытта жұмыста болған. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты балалар онлайн оқитын болғандықтан, барлығын үйге қалдырып, жұмысқа кеткен едім дейді.

«Мен күндегідей жұмыстамын, балаларымда бүгін онлайн сабақ. Екі үлкеніме тастап кеткенмін үйді. Өзім бірлерге жақын естідім, көршім хабарласып, төбеден өрт шығып жатыр деді. Ести сала келіп қалдым, жақын жерде жұмыс істейтінмін. Шақырып жатыр мені абысыным, көршілерім, бізге келе беріңдер деп жатыр. Баратын жер жоқ болса, амал жоқ бару керек болады. Негізі балаларыммен апаратын жер болса, көмектесетін жандар болса, менің қарсылығым жоқ«, — дейді балалардың анасы Мақпал Байтиева.

Үлкені 2013 жылы, кенжесі 2022 жылы туылған 2 ұл мен 3 қыздың жағдайы жақсы, дегенмен түтінге аздап уланған дейді ақ халаттылар. Барлық қажетті тексеруден соң олар үйге шығарылды.

«Бізге 5 кішкене бала түсті үйлері жанған. Соның кесірінен бізге түсіп отыр. Жағдайларының бәрі жақсы. Ешқандай күймеген, денелерінде ештеңе қылмаған.
Жеңіл дәрежелі барлығы. Ішіндегі екеуі түтінге сәл-сәл уланған. Басқалары жақсы«, -деді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.

Өрт туралы хабар төтеншеліктерге 12:42-де келіп түсіп, шамамен бір сағат көлемінде жалын толық сөндірілген.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: “02.02.2024 ж. сағ. 12:42-де Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Құрсай ш/а, Қайнарлы көшесінде жалпы көлемі 117 ш.м. тұрғын үй толығымен жанды. Өрт 13:14-те оқшауланып, сағат 13:33-те толығымен сөндірілді. Оқиға орнына ТЖД 18 қызметкер мен 4 дана техника және АМО 3 қызметкер мен 1 дана техника жұмылдырылды.

Оқиға орнына қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов та келді. Дегенмен зардап шеккендерге әкімдік тарапынан көмек бола ма деген сауалға Тұран ауданының әкімі жауап берді.

Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Ол кісімен біз қазір сөйлесеміз. Қайда барады деген мәселені мен де сұрадым. «Қайынағамның үйіне бара тұрамын» деді. Егер тұратын жері жоқ болса, уақытша тұратын үй тауып береміз. Бұл жағдайда біз тек қана жомарт азаматтардың тарапынан көмек болған жағдайда көмектесе аламыз«.

Қазіргі уақытта оқиға бойынша сараптама тағайындалды. Қызыл жалынның шығу себебі анықталуда. Ал қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге қол ұшын созамын деуші жомарт жандар болса, төменде көрсетілген нөмірге хабарласуға болады.

Реквизиттер:

Байланыс телефоны: 8 707 324 65 33
KASPI.KZ: +7 707 324 65 33 МАҚПАЛ Б.