Елдің өнеркәсіптік дамуына жаңа серпін беру, сыртқы және ішкі инвестициялар ағынын ұлғайту, зейнетақы активтерін тек нарықтық жағдайларда пайдалану, аграрлық-кредиттік корпорацияның әлеуетін дамыту. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің жаңа Үкіметіне осы сынды бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Үкіметтің жаңа құрамының кеңейтілген отырысында, ел Президенті өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын айтты. 5 жылдан кейін экономикалық өсім 400 миллиард доллардан асуы керек. Мемлекет басшысы Үкіметте де, әкімдіктерде де қойылған міндеттерді орындау үшін нәтижелі жұмыс жасау керектігін алға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды«.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін атап өтті.
Президент инвестиция туралы да айтты. Сөзінше, өнеркәсіптің дамуына баса назар аудару керек. Елімізде өз бизнесін жүргізгісі келетіндер үшін отандастармызды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеру үшін барлық жағдай жасау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек«.
Шымкент — көптеген жылдар бойы инвестициялық жобаларды тарту бойынша көшбасшы болып келеді. Мегаполисте бес өндірістік аймақ жұмыс істейді. Қазір қалада 300-ден астам жоба жүзеге асуда.
Ермек Тұрманов, Шымкент қаласы кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкентте жалпы ауданы 870 гектар болатын бес өнеркәсіптік аймақ бар. Онда 200 млрд теңгеден астам сомаға екі жүзге жуық инвестициялық жоба іске асырылды. Сонымен қатар, біз үш жүз алты гектарға «Жұлдыз» индустриялық аймағымен қосқанда бес өнеркәсіптік аймақ салудамыз. Біз онда 150 млрд теңгеге 50-ге жуық жобаны орналастырдық. Оның ішінде 16 жобада құрылыс жұмыстары басталды, кейбірінде қазір іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл экономиканың түрлі салаларында 50-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз«.
Үкімет алдына қойылған басты міндет – халықтың жақсы өмір сүруі үшін жағдай жасау. Қыстың күні баспаналардың жылы болуы, бизнестің дамуы, медицинаның аяққа тұруы мен ЖІӨ ұлғаюы маңызды. Алға қойылған міндеттерді жаңа үкімет қалай орындайтынын алдағы уақыт көрсетеді.