Кентауда малдың ішмайынан сабын жасайды

274

Кентау қаласының тұрғыны Әлия Адаман кір сабын жасап, сатып жатыр. «Кентау» деген жазуы бар сабынға жергілікті жұртшылықтың сұранысы артып келеді екен.

Әлия Адаман былтыр «Агронесие» бағдарламасы аясында 5 млн теңге несие алып, шілдеде сабын жасайтын шағын кәсіп бастаған.
«Қаражатқа бірден қажет құрал-жабдықты сатып алдым. Әрине, ақшаны ала салып, бірден кәсіп бастап кеттім дей алмаймын. Әуелі нарықты зерттеу керек. Сондықтан жолдасым екеуіміз бұл кәсіп ертең жүре ме, жоқ па деген сұраққа жауап іздедік. Кез келген жерде жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Біз жасаған сабын табиғи өнімнен жасалады. Адамның терісіне зияны жоқ. Шикізат ретінде қой, сиыр не ешкінің ішмайын қолданамыз. Мұның барлығы өзімізден табылады. Басқа жақтан алдырудың қажеті жоқ. Егер қажет шикізатты басқа қаладан не басқа елден алдырсақ, қосымша шығын кетіп, уақыт қажет болар еді. Өнім бағасы да соған сай қымбаттайтыны сөзсіз. Ішмайды ет сататын дүкендерден аламыз. Құрал-жабдықты Ресейден алып, басқа да қажет химиялық қоспалдарды Алматыдан алып жатырмыз».

Сабын жасаушы кәсіпкер өнім шығару процессін де айтып берді.
«Ең әуелі ішмайды арнайы бөшкеге салып ерітеміз. Содан кейін кәдімгі сұйық май мен қажет қоспаларды қосамыз. Жақсылап араластырамыз. Барлық қоспаның бір-бірімен жақсылап араласқаны өте маңызды. Бұған баса мән беру қажет. Содан кейін үлкенді-кішілі қалыптарға мөлшерлеп құямыз. Қалыптан алып, кептіруге қоямыз. Себебі сабын жасаудағы ең маңызды процесс: бұл – сабынды кептіру. Қалыптан шыққан сабынды 36-40 сағат кептіреді. Қаншалықты жақсы кепсе, соншалықты жақсы болмақ. Әуел баста майды ерітуден бастап кептіруге дейінгі барлық процесске асқан жауапкершілік керек. Сәл немқұрайлы қараса, бұл өнім сапасына әсер етеді. Кәсіпте тұтынушылардың сенімі өте маңызды. Сондықтан да асқан жауапкершілік таныту керек. Бұл тұтынушы саны артып, кәсіптің кеңеюіне де себеп», – дейді ол.

«Кентау» сабынының бағасы да арзан.
«Мысалы, салмағы – 220 грамм, майлылығы 65% сабынның ірісін 200 теңге, шағынын 160 теңгеге сатып жатырмыз. Келешекте сапасы бұдан да жоғары сабын түрлерін шығаруды қолға аламыз. Сабын сапасын тағы да жақсарта түсуді көздеп отырмыз. Әзірге жолдасым көмектесіп жатыр. Кәсібімізді кеңейтіп алған соң, адамдарды жұмысқа алу жоспарымыз бар».

Жергілікті сабынды сатып алып жүрген тұрғынның бірі – Меруерт Мырзабекова. Ол өнімнің сапасына көңілі толатынын айтады.

Меруерт Мырзабекова, Кентау қаласының тұрғыны:

Меруерт Мырзабекова, Кентау қаласының тұрғыны:

«Бұл сабынды сатып алып, алғаш пайдаланғандардың бірі – мен. Қазір тұрақты тұтынушыға айналдым. Сабынның сапасын анықтаудың бір жолы – кір жуған кезде көпіруі ғой. «Кентау» сабыны жақсы көпіреді. Майлы дақтар мен кірді жақсы кетіреді екен. Енді жасаушылар да ауылымыздың тұрғыны болған соң жергілікті халықтың ыңғайына сай жасайды. Қол терісіне де зиянын байқамадым. Осы жағынан қатты ұнады. Алдағы уақытта тек табыс тілеймін».

Қазір тәулігіне 1500 данаға жуық сабын шығарады. Қаладан бөлек, ауылдарға да жөнелтіп жатыр. Кәсіпкер Әлия Адаман тағы құрылғы алып, иіс сабын мен су сабын, көлікке арналған май, ыдыс-аяқ және терезе тазартатын өнім шығаруды да жоспарлап отыр.

Самал Әбілқасым,
А.Ясауи атынд. ХҚТУ-нің
«Журналистика» мамандығының
2-курс студенті

/бұл мақала Ontustik Rabat газетінің №6 санында (08.02.2024 ж) жарияланды/