Кентауда мүгедек балаларға арналған колледжде мерзімі өткен тамақ пен дәрі беріліп келген

252

Кентау қаласындағы арнайы кәсіптік колледжде мерзімі өтіп кеткен тамақ пен ескірген дәрілер беріліп келген. Мұндай фактіні облыс прокурорлары анықтаған.

Ведомство мәліметінше, бұл колледж мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін құрылған еліміздегі жалғыз мамандандырылған мекеме болып табылады. Онда білім алатын 80 баланың құқықтары өрескел бұзылған.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде колледж басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталған.

«Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды. Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен ескіру мерзімі өткен медициналық препараттарды қолданған» делінген прокуратура мәліметінде.

Сонымен қатар Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра тиісті шаралар қабылдамаған.

Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді.

(Фото: kochegarka.com)