Кентаулық тұрғындардың электр қуатына жұмсаған 1,6 млн. теңгесі қайта есептеледі. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді.
Бұған дейін қаладағы №5 жылу электр орталығында ақау шығып, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілмеген. Ол уақытта тұрғындар үйдегі қалыпты температураны сақтау үшін электр жылытқыштарын қолданған. Сәйкесінше тоққа төлейтін ақшасы көп шыққан. Сол себепті жеңілдік қарастырылып жатыр.
«Жылыту маусымында орын алған №5 жылу электр орталығындағы ақаулықтарға байланысты электр қуаты тұрақты жүргізілмеген. Осыған байланысты қаңтар айынан бастап «Энергопоток» ЖШС-мен 367 тұтынушылар пайдаланған электр қуаты үшін 1,6 млн. теңге қайта есептелді. Бұдан бөлек жылыту маусымында ай сайынғы төлем 20 мың теңгеден асатын 512 абонентке қосымша 100 кВт.тегін берілуде, ал ақпан айынан бастап 1 адамға шаққанда 21 теңгеден аспайтын электр қуатын пайдаланушылардың лимиті 70 тен 110 кВт. ұлғайтылды», — дейді Кентау қаласы прокуратурасының прокуроры Бақберген Әбілқасымов.