МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқан. Шымкентте былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1300-ден астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Сақтандыру жүйесінің көмегімен денсаулық сақтау саласында жүзеге асқан осы және өзге де мәліметтер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбектің БАҚ өкілдеріне арналған брифингі барысында айтылды.
Брифинг барысында атап көрсетілгеніндей, ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасауға қолжетімділік артқан. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бүйрек, бауыр трансплантациясы мен алғашқы рет жүрек трансплантациясы да жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Биыл 1500-ге жуық адамға ЖТМК көрсету жоспарланған.
Жылдан жылға денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру да артуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 188 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, 154-і жекеменшік медициналық ұйымдар. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалы тарапынан олардың халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, халықты сапалы әрі уақытылы медициналық көмекпен қамту, қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыру — МӘМС жүйесінде медициналық қызмет берушілерге қойылатын негізгі талаптар.