Сарыағаштағы аяусыз өлім: Пробация қызметкері аппеляциялық шағым түсірмек

556
фото ult.kz

Сарыағаш ауданында асқан қатігездікпен ажал құшқан 5 жасар Еркежан Нұрмаханның өлімінен кейін пробация қызметкері сотталды. Аудандық прокуратура оны “жұмысына салғырт қарау” бабымен жауапқа тартуды сұраған. 39 жастағы маман бүлдіршінді аяусыздықпен өлтірген Сайдолим Гайибназаровты тиісті деңгейде бақыламады деп айыпталып отыр.

Ісіне салғырттық танытты деп күдікке ілінген пробация қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды азаптап өлтірді деп өмір бойына сотталған Гаийбназаров бас бостандығынан шектелген кезде пробация қызметкерінің қарауында болған. Сондықтан прокуратура аталған жауапты маман үстінен іс қозғаған болатын. Сот шешімімен сезікті 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

«ҚР ҚК 371 бабы 2 бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен 2 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығына айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылу жазасы тағайындалсын», — деп үкім шығарды Сарыағаш аудандық сотының судьясы Жасұлан Орынбаев.

Судья мәліметіне сәйкес, экс-пробация қызметкері өз ісін тиісті деңгейде атқармаған. Сонымен қатар, іс-қағаздары мен жұмыс жоспарын сәйкесінше толтырмады деген айыптаумен қамауға алынды. Алайда сотталушы бұл шешіммен келіспейтінін айтады.

«Мен үкімге қарсымын. Бірақ қазір мен бірдеңе айтқаннан сот үкімі өзгерейін деп жатқан жоқ. Сондықтан аппеляцияға беремін»,- дейді сотталушы.

Сотталушының заңгері міндетті түрде сотқа аппеляциялық шағым түсіретінін айтады. Сөзінше елімізде аталған лауазымды тұлғалар бұған дейін мұндай айыппен жауапқа тартылмаған. Себебі пробация қызметкерінің құзыретіне сотты болған азаматқа тек әлеуметтік құқықтық қолдау көрсету ғана кіреді екен. Сондықтан адвокат үкімнің түсініксіз тұстары көп екенін айтады.

«Бұл жерде ешкім түсініп тұрған жоқ пробация бұл әлеуметтік құқықтық көмек көрсететінін. Бұл жерде қарасақ барлық қызметтік міндетіне сәйкес, бұйрыққа сәйкес қызметін атқарған. Яғни барған, кездескен, ескерткен. Тіпті профилактикалық жұмыс жүргізген. Пробацияның №511, №517 бірлескен бұйрығы бар. Бұл жерде қылмыстың алдын алу деген бірде бір бұйрықтың ішінде жазылмаған. Айыптау актісінде қылмыстың алдын алу керек дейді. Әкімшілік жаза қолдану керек дейді. Бірақ ол пробацияның құзырына жатпайды. Оны полиция, участкелік полицей жасау керек еді. Қазақстан Республикасында мұндай бабпен жазаланған ешкім жоқ. Сондықтан үкім әділ, заңды, адал болған жоқ деп есептейміз»,- дейді сотталушының заңгері Зайниддин Сұлтанмұратов.

Сот процесінің басталғанына 5 айдың жүзі болған. Ал жантүршігерлік оқиға былтыр 13 шілде күні Жібек жолы ауылында орын алған еді. Онда небәрі 5 жасар қызды 48 жастағы көршісі асқан қатігездікпен өлтірген болатын. Бұл іске кінәлі С. Гайибназаров өмірбақи бас бостандығынан айырылып, қазір жазасын өтеп жатыр. Ал бауыр еті баласынан айырылған Индира Ерімбетова, кезінде С. Гайбназаровты түрмеге тоғытпай, бас бостандығын шектеп қоя берген соттан бастап өз жұмысына салғырт қарағандардың барлығы жазаланса дейді. Дегенмен ол, пробация қызметкерінің үстінен шағымданбағанын айтады

 «Менің жоғалтатын ештеңем жоқ, кезінде дұрыс шешім шығармаған сот судьясы, прокурор да жауапқа тартуын қалаймын. Егер кінәсі болса олар да жазалансын, егер кінәсі жоқ болса, ақталып шығады. Бұл пробацияның үстінен прокуратура өздері іс қозғады. Ал мен арыз жазбадым. Тек сот әділ шешімін шығарады ғой деп сендім», — дейді марқұм 5 жасар қыздың анасы Индира Ерімбетова.

Айта кетейік, сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. Қазірше сот үкімі күшіне енген жоқ.