Шарапат Құрманбекова: «Қоғамның ең ізгісі де, асылы да — адамгершілік»

82

Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді дәріптеу туралы Шымкент қалалық Ардагерлер қеңесінің мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері

 

Құрманбекова Шарапат өз пікірін білдірді:

«Қазақ халқы әлемге танымал ең таза халықтың бірі деп мақтана аламыз. Біз балаларымызбен, ұрпақтарымызбен бақыттымыз. Ата-бабамыздың салған дара жолы, осы жолмен келе жатқан ұрпақтарымызға-жастарымызға осы сана енсе, онда біз қаймағы бұзылмаған қазақ күйінде қаламыз. Әрине, қазіргі заманда балалар әртүрлі сөздерге, сенімдерге еруі мүмкін. Бірақ біз сияқты әжелер, ата- ағаларымыз, ұстаздар тұрған кезде олай болуына жол бермеуіміз керек. Адамгершіліктің ең үлкен қасиеті ананы сыйлау, әкені, атаны, бауырларын, достарын, тіпті қазақстандықтардың барлығын сыйлау керек. Артында кімнің тұрғанын білу керек. Біздің артымызда Қазақстаным деп тұрған адамдар бар.

Отбасылық тәрбие әрбір адамның өзінің ұрпағын дара жолға салуы. Өйткені, менің отбасымда қыз кезімде ата-анам  ұстаздар болған, ал келін болып түскен кезімде ата-енем де ұстаздар болды. Сол кісілердің барлық бізге көрсеткен зердесін жаттап ұғындық.

2020 жылы біздің отбасы  «Бақытты жанұя» республикалық байқауында жүлделі орын алдық. Біз ұстаздар династиясы 570 жылдық тәжірибеміз бар. Біздер ғана емес, біздің балаларымыз ұстаз болып жүр. Бұл қуантатын жайт.

Ата-анам мен ата-енем бізге үлкен шапағаттарын тигізді. Соның арқасында мен 42 жыл ұстаздық қызмет жасадым. Ұрпақтарымның ішінде төрт ұстаз, келінім  де ұстаз. Сол үрдістің  арқасында  мен де, олар да  дамып жатырмыз. Жаңалықтың көшіне ермей қалсаң, отырып қалғандай боласың. Сондықтан мен қоғамдық ортада балаларды тәрбиелеуге өзім атсалысқым келеді.

Қазіргі балалар ұялы телефонға әуес. Ата-әжелелерімен бірге тұрып, сол кісілердің  ақыл сөздерін тыңдап өскен бала ұтылмайды. Мен қоғам,  ата-аналарға айтарым бар «Айналайын қыздар, келіндер, өз балаларыңды тәрбиелеңдер. Қоғамдық ортаны тәрбиеле, атсалыс, бірге бол. Бірақ өз балаңды шыңға шығар» .

Адамгершіліктің ең ізгісі де,  асылы да, тек отбасының ғана емес, қоғамды да бірге қатар алып жүрсе деймін.

Бізде керемет дәстүр бар еді, қонақ күту үлігісі арқылы тәрбие беру. Осы атадан мұра болған осы дәстүрді қолданатын кейбір отбасылар бар. Өкінішке орай,  біз мейман келген кезде, балаларымызға да, келген қонақтарға да үлгі көрсетпейміз. Үлкендерге қызмет жасап батасын алу  дәріптелмей жүр. Жалпы, мына заманда  барлығы бар, не кием, не ішем, демейді, тек қана жетіспейтіні- отбасылық ортақтық.

Жақында бір төтенше жағдай орын алды. Бір үйде газ жарылып,  баспанаға нұқсан келтірілді. Сонда өзімнің оқуда жүрген немерелерім хабарласты.

“Әже мен өзімнің киімімді кимеймін, папамның да киімдерін алып, ана үйге апарып берсеңіздерші. Оларда ештеңе қалмапты. Төсек орындарын да беріңіз», — деді. Сонда мен еңіреп жылауға сәл қалдым. Немерелерімнің сондай сөздер айтқанына. Бұл біздің адамгершілігіміз. Ата-бабамыздың бізге ықпал еткендері. Қазір біздің балаларымыз өсіп келе жатыр. Бір-біріне деген жанашырлық бар.

Мен зейнетке шыққан бойда,  қалалық ардагерлер  кеңесі жұмысқа шақырды. Сөйтіп, ол жерде әжелер алқасының төрайымы болып, он жылға жуық мерзім қызмет жасадым. Шымкент қаласы бойынша барлық мектептерге бардық. Ол жерде оқушылардың тәрбиесі туралы айтатынбыз.

Қазір  жастардың тәрбиесі басты назарда. Алайда, аналарымызды да жөнге салу керек деп есептеймін. Біз орамалды құрметтеуіміз керек. Қазір менің жастағы әжелер боянып, сыланып келінге не өнеге көрсетіп отыр. Орамал біздің қадір қасиетіміз. Кезінде екі жақта бітіспегеннен ақ орамалды ортаға тастағанда бір-бірімен ыңтымақтасып кетеді екен. Ақ орамал біздің шаңырағымыз. Ақ орамал біздің жанымыз. Біздің қыздар өздерінің кім екенін, орның қандай екенің түсіну керек деп ойлаймын».

Айдана Тұрғынбекқызы,

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық

қазақ-түрік университеті

«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті