Шымкент әкімдігінде өткен аппарат жиынында шенеуніктің ұсталған видеосы тарады

Шымкент әкімдігінде өткен аппарат жиыны барысында шенеуніктің ұсталған видеосы тарады. Мегаполис басшысы әкімдік қызметкерлеріне осыған дейін бірнеше рет ескерткенін айтып, адал қызмет ету керектігін алға тартты.

Жиында қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы кейбір қызметкерлерге сұрақтар бар екенін айтқан тұста, Ғабит Сыздықбеков сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке ілінгендерді дәл осы жиыннан алып кетуге болатындығын мәлімдеді.

Залға кіріп, шенеуніктердің бірін алып кеткен департамент қызметкерлері жиналысты тоқтата тұрды. Олардың назарына ілінген тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып шықты.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Әріптестер, мені дұрыс түсініңіздер, менің басқа амалым жоқ. Мен сіздерден бес айдан бері айтып келе жатырмын адалдап жұмыс істеуді».