Шымкент әкімінің кезекті жеке қабылдауы өтті

Шымкентте қала әкімінің кезекті жеке қабылдауы өтті. Қала тұрғындары Ғабит Сыздықбековке әлеуметтік, инфрақұрылым, тұрғын үй және жеке мәселелерін жеткізді. Бірыңғай жеке қабылдауға 100-ден астам адам жазылған. Дегенмен, мүмкіндік туса әкімге мәселесін жеткізгісі келетін халықтың қарасы көп болды. 

Бүгін Шымкентте қала әкімнің кезекті бірыңғай жеке қабылдауы өтті. Таңнан кешке дейін мегаполис басшысы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Қала тұрғыны Кәміл Керімбетов Ғабит Сыздықбековке өзінің бірқатар ұсынысын айта келіпті.

«Бұл енді мегаполис, халық көп. Қалаға кейіннен қосылған жерлер бар, салынған шағынаудандар бар. Олардың проблемасы әрдайым көп болады. Оны шешу де оңай емес. Әкім менің ұсыныстарымды қабыл алды. Басқа да айтар ұсынысыңыз болса, айтып тұрыңыз деп деп қызметкерлеріне тапсырма берді»,- дейді қала тұрғыны Кәміл Керімбетов.

Ұлпан Үкібаева бүгінгі қала әкімінің қабылдауына өзі тұратын көпқабатты үй тұрғындарының шағымын айта келіпті. Сөзінше, 1 қабатта орналасқан дәмхананың шуы мен иісі онда тұратын халықтың мазасын алғалы біраз уақыт болған. Бұған дейін жауаптылар шешімін тауып береміз дегенмен әлі ештеңе өзгерген жоқ дейді тұрғын.

«Үйдің астының бәрі дәмхана, түні бойы істейді. Дырылдатып мотор қойған, иісі жаман. Үш рет арыз жаздық. СЭС-қа да жаздық, алып тастайды деді, ештеңені де алып тастаған жоқ. Біз түні бойы ұйықтамаймыз«, – деп шағымданды Әл-Фараби аудынының тұрғыны Ұлпан Үкібаева.

Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылған көрінеді. Әл-Фараби ауданының әкімі заң бойынша барлық тиісті шаралар қабылданатын, кәсіпкерге айыппұл салынатынын айтады.

«Әрине, өздеріңіз білесіздер, түнгі уақытта тыныштық сақтау қажет. Көпқабатты үйде шулауға болмайды. Және олар орнатқан ауа сорғыш бар соны алып тастауды сұрап жатыр. Ол бойынша комиссия шығып, ТЖД, СЭС мекемелерімен әрекет етіп, мотордың артық дауыс бар екені анықталды. Енді айыппұл салып, заң бойынша оны алу бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Кәсіпкерден қолхат алып жатырмыз. Сотқа жеткізбей, өз еркімен алуына байланысты», – деді Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев.

Қала әкімінің бірыңғай жеке қабылдауына 100-ден аса адам жазылған. Тұрғындарды мәселелері бойынша барлық басқарма басшылары мен құзырлы орган өкілдері қабылдады. Тұрғындар жол, тұрғын үй, инфрақұрылым, әлеуметтік және жеке мәселелері бойынша ұсыныс-тілектерін жеткізді. Айта кетейік, мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, қала әкімінің бірыңғай жеке қабылдауы тұрақты түрде өтеді.