Шымкент «Венецияға» айналды

35

Шымкенттік тұрғындар қаладағы суару және кәріз жүйелеріне шағымданды. Нөсер жаңбырдан кейін мегаполистің кейбір бөліктерінде үй айналасын су басып, шағынаудандардың бірінде кәріз жарылды. Әкімдік жағдай түзетілді деп мәлімдейді. Алайда мұның қайта орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Толассыз жауған жауын мен еріген қар салдарынан Шымкент көшелерін су басты. Мегаполисте түні бойы судан арылту жұмыстары жүргізілген. Алайда, кейбір жеке тұрғын үйлердің ауласын су басып қалған.

Бұл қаланың Оңтүстік шағынаудандағы жеке сектор. Мұнда кәріз жүйесі жарылып, салдарынан бірнеше үйдің ауласын ағынды су басқан.

Мегаполистің коммуналдық қызметкерлері бұл шағын аудандағы кәріз жүйесі 50 жыл бұрын салынғанын, ал желілер «Су ресурстары Маркетинг» компаниясына тиесілі екенін айтады. Бұл жолы апат салдары жойылды, жағдай қайталанбауы керек, дейді шенеуніктер.

Ілияс Есжанов, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының қызметкері: «Кеше кешке жаңбыр салдарынан су тасқыны болды. Оңтүстік шағынауданындағы Өзтүрік көшесінде «Су ресурстар маркетинг» компаниясына тиесілі 1000-дық коллектор зақымданып, ақау шықты. Оқиға орнына 30 қызметкер мен 20 техникалық автөкөлік жұмылдырылды. 6 үйді су басқан, оларды тазаладық. Ақуалдың бәрін қалпына келтірдік . Қазір соңғы жұмыстар қалды. Қазіргі таңда 20 адам 10 техника оқиға орнында жүр»

Ал, бұл кішкентай көшенің проблемалары бірнеше жыл бойы шешілмей келеді, дейді тұрғындар. Жол бұзылған, жауын-шашын кезінде жиналған судың салдарынан жүру қиындайды. Көшеде қашыртқы жоқ деген үй иелері, суару жүйесін жөндеу туралы әңгімелердің бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр дейді.

Мәлік Көлбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көшенің бәрі толған су. Ана басынан мына басына дейін үйлердің ішіне кіріп жатыр. Көріп тұрсыздар, машина жүре алмайды. Арық та жоқ, канализация да жоқ. Мына жарықты құрғанына жарты жыл болды, әлі жарық жанбайды көшеде»

Абай ауданының әкімдігі су сору жұмыстарының жүргізілгенін айтты. Ал, тұрғындар көтерген мәселелердің кезең кезеңімен өз шешімін табатындығын жеткізді.

Димаш Дәуренбеков, Шымкент қаласы Абай ауданы аппаратының басшысы: «Көше-450 метр, қаржыландыру рәсімдері аяқтала салысымен, суару жүйесі жүргізіледі, қашыртқылар орнатылады және мәселе де шешіледі. Жарықтандыру, жолдар мен тротуарларға келетін болсақ, мәселе жыл соңына дейін өз шешімін табады»

Ал бұл Нұрсәт шағынауданы. ТЖ қызметкерлері су тасқынына қарсы іс шара өткізді. Оқу-жаттығуға әскерилер, полиция мен құтқарушылар қатысады.

Тұрғындар бұндай жағдай жаңбыр жауған сайын қайталанатынын айтады. Алдағы күндері синоптиктер күн райы күрт жылынуы мүмкін екенін, ауа температурасы +17 градусқа дейін көтерілетінін айтады. Сондықтан барлық қызметтер жоғары дайындықта және қауіпті аймақтар үнемі бақылауда болады дейді мамандар.