Шымкентте қатты желден 3 мөлтек ауданда электр жарығы өшті

78

Шымкентте қатты жел тұрып, 3 мөлтек ауданда электр жарығы сөнді. Онда тоқ көзінің авариялық өшуі тіркеліп, 1400 абонент жарықтан ажыратылған. Сонымен қатар, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Түркістан облысында жолдар жабылды.

Шымкентте желдің қатты ұйытқуы салдарынан 1.400 абонент электр жарығынан ажыратылды. Нақтырақ айтқанда, Оңтүстік, Тассай, Забадам мөлтек ауданында электрлік тоқ көзінің авариялық өшуі орын алды. Қазір олқылық қалпына келтірілді. Төтеншеліктердің айтуынша, зардап шеккендер жоқ.

«7.02.2024 ж. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Оңтүстік мөлтек ауданы, Қаратау ауданы, Тассай мөлтек ауданы және Әл-Фараби ауданы, Забадам мөлтек ауданында желдің ұйтқуы салдарынан авариялық өшуі орын алған. Ал 12:13-те электрлік тоқ көзін қосу жұмыстары толық аяқталды және тұтынушыларға берілді», — дейді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті.

Бүгін Шымкент қаласында желдің екпіні 20 м/с-на дейін жетсе, ал түркістанда 18 м/с-ты көрсетті. Сонымен қатар, өңірде қатты жауын шашын мен қар жауып, көлік қозғалысана қауіп төндірді. Сондықтан республикалық маңыздағы бірқатар жолдар жабылды.

«Алматы – Ташкент – Термез» автокөлік жолының 593-652 шақырым бөлігінде, Түлкібас ауданындағы Машат ауылынан Шақпақ баба ауылына, Сайрам ауданымен өтетін жолдарға барлық автокөлік түрлеріне қозғалыс тоқтатылды. Ауа-райының өзгергеніне байланысты алыс жолға шықпаңыздар. Жолда абай болыңыздар» — дейді патрульдік полиция батальонының командирі Бақтыбек Жәнібеков.

Қар мен жаңбыр түнге дейін жалғасады. Алайда мамандардың сөзінше ертең күн жылынып, ауа темперетурасы +11 градусқа дейін көтеріледі. Дей тұрғанмен Түркістан облысының кей аймағында желдің қарқыны 28 м/с-қа дейін жетеді деп күтілуде. Сондықтан төтеншеліктер ұзақ жолға шықпауға шақырады.