Сірне бөдене шөбі Қошқарата өзенінің тазалығына ықпал етеді

88

Қошқарата суының мұнтаздай тазалығы сірне бөдене шөбіне байланысты. Мұны шымкенттік 11 сынып оқушысы зерттеп, нақты нәтижеге қол жеткізді. Биология саласына қызығушылығы басым Балауса Шаншархан жаңа жобаны жасау үшін арнайы зертханаларда жұмыс істегенін айтады.

Қошқарата өзені суының мұнтаздай таза болуына ішкі флорасының ықпалы мол. Мұны шымкенттік 11 сынып оқушысы өз зерттеуінде анықтады. Балауса Шаншархан жергілікті өзеннің ерекшелігін анықтау үшін, сол суда ғана өсетін өсімдікке зерттеу жүргізген. Нәтижесінде сірне бөденешөбінің филтрлік қызмет атқаратынын дәлелдеп шықты.

«Сірне бөдене шөбі Қошқарата өзенін жағалай немесе бетінде қалқып өсетін өсімдік. Бұл өсімдіктің ұзындығы 15-60 см. Көпжылдық өсінді. Мұны Қошқаратаны зерттеу үшін таңдап алдық. Бізде сірне бөдене шөбі тек филтрлеуге ғана қатысып қоймай, нақты биоиндикатор бола алады», — дейді 11 сынып оқушысы Балауса Шаншархан.

Балаусаның сөзінше, сірне бөдене шөбі судың құрамындағы ауыр металдарды бойына сіңіріп, адам ағзасына кері әсерін тигізбейтіндей тазартып отырады. Соның арқасында әлі күнге қала тұрғындары арасында танымалдыққа ие өзен таза әрі, денсаулыққа пайдалы қалпын сақтап қалған.

«Бұл өсімдікті ала отырып, Қошқаратада ауыр металдар мен иондардың бар екенін анықтадық. Содан кейін осы өсімдік арқылы тазалаудың жолдарын көрсетіп, зерттедік. Сірне бөдене өсімдігі Қазақстанда Қошқарата бойында өседі. Сол өсімдік арқасында Қошқарата денсаулыққа пайдалы», — дейді Нұргүл Әлжанова №65 мектеп мұғалімі.

Ғылым саласындағы осы жаңалығы арқылы білімді ару республикалық байқауға жолдама алды. Енді ол Шымкенттің намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, №65 мектеп шәкірттері жыл басынан бері дәл осындай 20-дан аса ғылыми жоба жасап шыққан. Оның басым бағыты химия, физика, жер мен ғарыш, экономика саласына негізделген.