Бүгін Солтүстік Кавказ халықтарының қазақ жеріне депортацияланғанына 80 жыл толды. 1943 жылдың қысында миллитонға тарта жұртшылықты вагонға тиеп, Қазақстанға әкелген болатын. Қиын қыстау заманда аман қалған шешен ұлтының өкілдері әр 23 ақпанда жалпы қазақ жұртшылығына алғыс айтуды дәстүрге айналдырған.
Бүгін Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға депортацияланғанына 80 жыл толды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, таңғы 5-те өз елінен сұп-суық вагондарға тиеліп кете барғандар ішінде Амин Дабиев те бар. Зұлмат жылдары ол небәрі 12 жасында туған жерінен аласталып, қазақ еліне келіп қоныстанған. Жасы 90-нан асқан атай жолда қаншама қандасының қаза болып, мәйіті елсіз далада шашылып қалғанын күрсіне еске алды. Қаншама қиындықты еңсерген қарт сол кездегі жергілікті қазақ халқының қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын айтады.
«Аштан өлтірмеген қазақ. Барынша өздері не жейді соны берген. Қазақтарға мың да бір рақмет. Олар болмағанда барлық шешендер қырылып кететін-тұғын. Амал жоқ жолда біршама адам өлді. Ал қалғандары қазір қалды. Кез келген адамды вагонға әкеп тықты да сыртынан құлыптап қойды. Жолда үлкен станцияға келгенде ғана есікті ашып сыртқа шығарады да, 1 сағаттан соң қайта есікті жауып қояды. Қайтыс болғандарды жол-жолда тастап кетті. Түлкі жеді ма, қасқыр жеді ма ешкім білмейді. Мұнда келгенде қазақтардың үйінде жаттық. Бір нанды бөлісіп жедік. Бізді сыртқа теппеді. Сол үшін қазақтарға мыңда бір рақмет айтамын»,- дейді Түркістан облысының тұрғыны Амин Дабиев.
Әр 23 ақпанда шешен-ингуш ұлттары жиналып ас береді. Ақсақалдар қауымы өзі аштықтың аз-ақ алдында тұрған қазақтардың бүткіл бір ұлттың сақталып қалуына септігі тигенін әрдайым айтып отырады. Тіпті қазақ тіліне деген құрметтері бөлек.
Ана туралы жырды аса толғаныспен жырлаған ару Шымкенттің тумасы. Алайда 19 жасында тарихи отанына қайта көшкен. Элина Мұртазова Грозныйға барып жергілікті филармонияның әншісі атанған. Тіпті қазір Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген әртісі атағына қол жеткізді. Талай белесті бағындырған Элина қиын қыстау заманда ата-анасына қол ұшын созып, аман алып қалған жүрегі жайсаң бауырлас елді ешқашан ұмытпайтынын айтады.
«Біз Қазақстанды өз отбасымыздай санаймыз. Біздің ата-анамызды қиын шақта қол ұшып созып, құтқарып қалды. Қазақ елі гүлдене берсін. Қашан да дамып, бейтіп аспан астында өмір сүруін тілеймін. Бізге, шешендерге қиын шақта көмектескені үшін Алла оларға бақытты өмірді үйіп-төгіп берсін деп тілеймін», — дейді РФ-ның еңбек сіңірген әртісі Элина Мұртазова.
1943 жылдың қысында арнайы операция аясында млн-ға тарта өзге ұлт өкілдері Қазақстанға қоныстанды. Олардың басым бөлігі оңтүстік өңірге бөлініп, әр аймаққа жіберілген. Қазір қазақ жеріне сіңіп, өз туған жеріндей қарайтын жұртшылықтың ендігі тілегі – ашық аспан мен бейбіт өмір ғана.