Төлебиде оқушылар газ шыққанын телефонға хабарлайтын құрылғы жасады

222
Ерзат Әнуар мен Әлғани Серәлі

Төлеби аудандық №1 гимназиясының 7-сынып оқушылары Ерзат пен Әлғани газдан улануының алдын алатын құрал ойлап тапты. 12 жастағы оқушылар осы құрылғыны жасап шығаруға 1 жылдай уақыт жұмсапты.

Олар бұл құрылғыны ойлап табуға газдан уланып көз жұму оқиғаларының көбеюі түрткі болғанын айтады.
– Біз робототехника пәнін өте қызығып оқимыз. Бұл пәннің өмір салтымызға пайдасы зор. Қазір газдан уланып қайтыс болған адам көп. Дені – балалар. Сондықтан да адамға пайдасы тиер құрылғы шығарғымыз келді. Сондай идеямыз бар екенін әуелі ұстазымызға айттық. Ол кісі бірден қолдады. Бізге көмектесті, – дейді олар.

Бұл құрылғыны іске қосу үшін 3.7 V батареяның үш данасы қажет екен. Батареяны салғанда «желіде» деген белгі шықса, құрылғы жұмыс істеп тұрғанын білдіреді. Егер газдың иісін сезсе, небәрі 10-15 секундта телефонға бірден хабарлама келеді.
– Мысалы қазір балаларын үйде қалдырып, жұмыс істейтін ата-ана көп. Қайғылы оқиғаның көбі – балалар ата-анасының қарауынсыз қалғанда боп жатады. Үйдегі жағдайдан хабарсыз ата-ана балаларды дер кезінде құтқара алмай қалады. Сондықтан бұл құрылғы қосулы боп, газ иісін сездсе, басқа жақта жүрген үлкендердің телефонына қауіп төніп тұрғаны жайлы хабарлама келеді. Сондайда көршісіне не балалардың өзіне тікелей хабарласып, қайғылы жағдайдың алдын алуға әбден болады, – дейді Ерзат Әнуар.

Екі оқушы құрылғыны жасап шығаруға көп уақытын жұмсаған.
– Сегіз айда жасадық. Ерзат екеуіміз кішкентайымыздан робототехника курсына қызығатынбыз. Осы курсқа қатысып келеміз. Өте қызық пән ғой. Жақсы меңгерсек, бұдан да пайдалы неше түрлі құрылғы шығарамыз. Курсқа алғаш келгелі бері ұстазымыз Салтанат апай біздің қабілетімізді байқап, үнемі мотивация беріп жүрді. Егер осы саланы жақсылап меңгерсек, адамдарға қажет әрі пайдалы көп құрылғы шығаратынымызға сенім білдірді. Бұл бізге шабыт берді. Сондықтан әр ісімізге мұқият қарап, пайдалы тұсына көп мән беретін болдық. Егер жасаған құрылғымыз қайғылы оқиғалардың алдын алып, бала өлімін азайтса, біз үшін бақыт болар еді, – дейді Әлғани Серәлі.

ұстазы Салтанат Ұятбаева шәкірттерімен

Олардың ұстазы Салтанат Ұятбаева оқушыларының мұндай құрылғыны жасап шығатынына сенгенін айтады.
– Мен Әлғани мен Ерзаттың 6-сыныпта сынып жетекшісі болғанмын. Олардың осы пәнге қызығушылығын сол кезден байқадым. Осындай құрылғы жасау жайлы ұсыныс айттым. Жасай алатынына сенімді болдым. Себебі екеуі де өте алғыр. Әрине басы-қасында өзім жетекшілік етіп, әр процессін бақылып жүрдім. Қазір оқушыларымның бұл жобасы облыстық конкурста үздік деп танылып, республикалық байқауға жолдама алдық. Бұйырса, жобамызды ақпанның аяғында қорғап қайтамыз. Оқушыларымның жобасына Төтенше жағдайлар департаменті қызығушылық танытып отыр. Біздің балалар мұнымен тоқтап қалмайды. Бұған дейін де түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүрміз. Әлі де түрлі пайдалы жоба жасауды жалғастырамыз, – дейді Салтанат Ұятбаева.

Айдана Кемелбек,
А.Ясауи атынд. ХҚТУ-нің
«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті

/бұл мақала Ontustik Rabat газетінің №6 санында (08.02.2024 ж) жарияланды/