Түркістанда 120 мың тонна мыс өңделетін болады

46

Түркістанда мысты терең өңдейтін зауыт іске қосылады. Ол үшін қазір арнайы экономикалық аймақтан жер таңдалып, келіссөз жасалып жатыр. Егер жоба жүзеге асса, өңірде жылына 120 мың тонна мыс пен түсті металдар өндіріледі.

Түркістанның өндіріс аймағы тағы жаңа зауытпен толығады. Облыс басшысы «Sharq Tubes» компаниясының өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Олар күнгей өңірде мыс өндіру жұмысын қолға алып, инвестиция құюды жоспарлап отыр.

«Жоба мыс сульфидті концентраттарды өңдеуге құрылған. Мұнымен Қазақстанда «Қазақ мыс» айналысып жатыр. Алайда жаңа компания оны күрделі өңдеуді жоспарлап отыр. Жаңа зауыт ашылса, жылына 120-130 мың тонна мыс шығарылады. Біздің ұсынып отырған металымыз Лондондық биржаға сай келеді», — «Sharq Tubes» компаниясының инженері Виталий Чевтаев.

Кәсіпорын үшін «TURAN» арнайы экономикалық аймағынан жер бөлініп, онда инфрақұрылым жеткізіледі. Ал жобаның жалпы құны 180-200 млн. АҚШ долларын құрайды. Алайда бастапқы кезеңде оның 40 млнын құю жоспарда бар. Облыс әкімі қомақты қаржы алып келетін өндіріс аймағын құруға көмек көрсететінін жеткізді.

«Біздің басым бағыттардың бірі – өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта бар мүмкіндікті қарастырамыз. Бұл жоба экономикамыздың өсімін арттыруда жақсы серпін бермек. Біз бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Кәсіпорын келешекте түсті металдар өңдеуді көздеп отыр. Сонымен қатар аталған компания көршілес Өзбекстан елінде жылына 50 000 тонна катодты мыс өндірді қолға алмақ.