Түркістанда 107 қоқыс полигоны санитарлық-экологиялық нормаға сай келмейді. Оның басым бөлігі аудандарда орналасқан. Сонымен қатар жыл өткен сайын бей-берекет шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар саны да артып барады. Сондықтан өңір басшысы аудан әкімдеріне айтулы мәселеге қатысты тапсырма берді.
«Қосқыс полигонының мәселесі шешілмесе не тәсілді, не оған жауапты адамды өзгерту керек». Өңір тазалығы сарапқа салынған жиында облыс басшысы Д. Сатыбалды осылай деді. Түркістанда 151 қатты тұрмыстық полигон бар. Қазір оның 107-і санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмейді. Облыс әкімі оларды 3 жылдың ішінде бекітілген талапқа сәйкестендіруді тапсырды. Мамандар мәселені аудандық көлемде шешу керектігін айтады.
«Әр ауданда кемінде 15-20 полигон бар. Оларды оңтайландыру бойынша келіп, қарауға мердігерге де, үйлестіруге де ыңғайлы болатындай бірнеше полигон құру бойынша аудан әкімдеріне ұсыныс тастау тапсырылған болатын. Егер бей-берекет бір жерге қоқыс тастап үстінен тағы тасталған қоқыс 70 пайыздан асса, онда аудан әкімшілігі жауапқа тартылады», — дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.
Облыс тұрғындарының 43 пайызы ғана қоқыс шығару аумағымен қамтылған. Әсіресе аудандарда аталған қызметпен қамту үлесі төмен. Сондықтан өңір басшысы аудан әкімдеріне тапсырма берді.
«Өткен жолы да кездестік. Анау жоқ, мынау жоқ дедік. Бірақ сол күйі тұр. Мұндай кезде тәсілді не ауыстыру керек, не жауапты адамды ауыстыру керек. Егер ауылдар арасы алыс болса, онда жеке өздеріне полигон жасау керек. Жақын болса біріктіріп, оптимизация жасаңыздар. Менің қарсылығым жоқ. Бірақ тазалыққа әр әкім жеке жауапты», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Күнгей өңірдегі қоқыс полигонының 32-і аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 76-ы ауыл әкімдерінің және 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Аймақта тұрмыстық қалдықтың көбейгеніне байланысты алдағы 2 жылда оларды сұрыптау, қайта өңдеу мекемелерін ашу жоспарда бар