Жаңа төлем түрін кімдер төлеуге міндетті?

485

Елімізде 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеу туралы шешім қабылданды. Жаңа төлем түрі бойынша кәсіпкер бастапқыда жалақының 1,5 пайызын төлесе, уақыт өте оның көлемі өсетін болады.

Бұл қаражатты жеке кәсіпкерлер де төлеуге міндетті. Соған байланысты қазір қоғамда түсінбеушілік туындағаны бар. Алайда мамандар бұл бастаманың да ұтымды тұсы барын айтады.

Елімізде биылдан бастап кәсіп иелеріне жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеу туралы шешім қабылданды. Қаңтардан бастап барлық жұмыс беруші қызметкерлеріне жалақының 1,5 пайызын аударып отырады. Сонымен қатар бұл төлемді жеке кәсіпкерлер де өзіне төлеуге міндетті. Ал бизнес иелері барлық аударымдарды өздері төлейтін болғандықтан бұл қалталарына салмақ салатынын айтады.

«ЖБМЗЖ-сын жұмыс беруші жұмысшысына төлейді ғой. Осы тұста менің ойым, бізге бұл жарна тиімсіз. Үлкен компанияларға бұл тиімді шығар. Жұмыс көп, аз қаражат болып көрінер. Тіпті, байқалмай қалады. Ал біз үшін тиімсіз. Себебі бұған дейінгі міндеттелген төлемнің бәрін өзіміз төлеп отырмыз. Өзіміз үшін зейнетақы жарналарын да, медициналық сақтандыруды да, әлеуметтік аударымды  да өзімізге өзіміз төлейміз. Ал бұл қалтамызға қосымша ауырлық салады», – дейді жеке кәсіпкер Жанель Әскерова.

Ал есепші мамандар бұл өзгерістің ұтымды тұстары да бар екенін айтады. Себебі жаңа төлем 1998 жылға дейін жұмыс өтілі жоқ азаматтардың зейнетақысын қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Аталған төлем алдағы уақытта шартты зейнетақы ретінде есептелетінін айтады.

«Алдағы келе жатқан жастарға, алдағы 53 жаста зейнет демалысына шығатын аналарға өте тиімді. Бұл жерде ескеретін жағдай 5 жыл үздіксіз төлем болу керек. Сондықтан қазірден бастап қамданған дұрыс. Ал арасы үзіліп қалуға болмайды. 5 жыл, яғни, толық 60 ай үзіліссіз тұрақты түрді түсіп отыру керек»,- дейді есепші-практик Кәмшат Бишинова.

Бұл жобаның ерекшелігі, аталған жарна тек 1975 жылғы азаматтардан бастап төленеді. Қазір жұмыс берушілер жалақының 1 жарым пайызын төлесе, 2028 жылға дейін қаражат көлемі 5 пайызға артады. Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасынан түскен қаржыны алу немесе мұрагерлікке қалдыру мүмкін емес.

«Жұмыс берушіге түсетін жүктеменің теңгерімді болуын қамтамасыз ету мақсатында ЖБМЗЖ кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Яғни 2024 жылы қаңтардан бастап, 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%, және 2028 жылдан бастап 5% мөлшерінде төлейтін болады», – дейді БЖЗҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Әбдімұрат Исабаев.

Бұл міндетті жарна үшін арнайы шот ашылып, қаржы сонда жиналады. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасынан түскен қаражатты 2038 жылдан бастап, зейнетке шығатын азаматтар ала алады. Айта кетерлігі, аталған аударымды әскери қызметкерлер, 1-2 топ мүгедектігін өмірбақиға алған жандар төлемейді.