Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекет алгоритміне өзгеріс енгізілді

Түркістан облысының әкімі құзырлы орган басшылырымен өңірдің сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізді. Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту туралы тапсырмалар берді. Себебі Түркістан облысы сейсмикалық қауіпті өңірлер қатарына жатады. Жиында зілзала қаупі жоғары таулы аймақтарда апаттан қорғану жұмыстарын мұқият қайта қарау мәселесі талқыланды.

Түркістан облысы сейсмикалық қауіпті өңірлер қатарында. Сондықтан жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттің нақты алгоритмі болуы керек. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі болған жағдайдағы іс-әрекет алгоритміне өзгеріс енгізуде. Оған сәйкес облыстық жүйе де жаңадан әзірленіп, бекітіледі.

Айтып келмейтін апатқа әркез дайын болуымыз керек. Жер сілкінісіне арналған оқу-жаттығудың маңызы зор. Сондықтан дәл осы мәселеге аса мән беріп, жаттығуларды жиі өткізіп тұру қажет. Құлақтандыру жүйелерін қайта қарап, нақты қажеттілікке бейімдеу шарт. Нақты ақпараттың әр адамға дер кезінде жетуін қамтамасыз ету мәселесін күшейту керек”,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты өткен жиында халыққа жер сілкінісі болған жағдайда қалай қимылдау керек екенін үйрету бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, зілзала қаупі жоғары аймақтарда апаттан қорғану жұмыстарын қайта қарау мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда әрбір облыстың аумағында жер сілкінісінің нақты қауіптілігін анықтау үшін сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеу қажеттілігі туындауда. Облыс халқын дер кезінде құлақтандыру жүйесі қалыпты түрде жұмыс атқарады. Өзіңіздің өткен жылдағы тапсырмаңызға сәйкес сиреналық сөйлеу құрылғысын алуға ұсыныс берілді. Сондай-ақ телеарналар мен радио толқындарын ұстап қалу арқылы халықты құлақтандыру мен жиынтық басқару жүйелері жаңартылады. Су қоймаларына жақын маңда орналасқан ауылдардағы құлақтандыру жүйелері де жаңартылады. Облыстың жер сілкінісінің салдарын жою жоспары әзірленіп, министрлікке келісімге жолданған”,- деп мәлімдеді Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешов.

Бүгінде облыста жер сілкінісін анықтайтын 4 сейсмостанция жұмыс істейді. Олар Бәйдібек, Түлкібас, Жетісай және Төлеби аудандарында орналасқан. Өткен жылы Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Айта кетейік, 2023 жылы 4,5 мыңға жуық сейсмикалық оқу-жаттығулары өткізілген. Ал 1 наурызда аймақта жер сілкінісі бойынша республикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарлануда.