3 қабаттан секірген оқушы қыз реанимациядан палатаға ауыстырылды

40

Келес ауданында оқушылар арасында орын алған кикілжіңнен кейін 8 сынып оқушысы 3 қабаттан секіріп кеткен. Қазір жасөспірім қыз ауруханада жатыр. Оқиға салдарынан оның жамбас сүйегі сынып, жабық бас ми жарақатын алған.

Келес ауданында 8 сынып оқушысы 3 қабаттан секіріп кеткен. Оқыс оқиға 28 ақпан күні орын алды. Мектеп әкімшілігі қыз мұндай жағдайға оқушылар арасында орын алған кикілжіңнен кейін барған болуы мүмкін екенін айтады.

«Оқушы қыздар арасындағы кикілжіңге байланысты 8 сынып оқитын қызымыз психологиялық эмоцияға беріліп, осындай оқыс жағдайға тап болды. Бұл жағдай бәрімізге де оғай болған жоқ. Қазір күнделікті қызымыздың жағдайын біліп, мектепке ертерек оралуын тілеп отырмыз», — дейді директордың тәрбие ісі жөндегі орынбасары Бердібек Бұхарбаев.

Жасөспірім қызға тез арада алғашқы көмек көрсетіліп, Абай ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер тексеру барысында бас миының жабық жарақаты мен жамбас сүйегінің сынғанын анықтаған. Қазір науқастың беті бері қарап, ол палатаға шығарылды.

«Компьютерлік томография, рентгендік тексеріс жүргізіп, бас миының жабық жарақаты, бірінші бел омыртқасының жабық сынығы, жамбас сүйегінің сынығы анықталды. Протоколға сәйкес емдеу жүргізілді. Жағдайының жақсаруына байланысты бірінші ауысымда травматология бөліміне ауыстырылды», — дейді дәрігер травматолог  Абдусамат Утамұратов.

Қазір іс «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша тіркеліп, тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-тің 105 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның барлық жағдайлары анықталады. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», — дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазір білім ошағында психолог маман балалармен жиындар өткізіп, оқушылар арасында жағымды ақуал қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.