650 млн. теңгесін қаржы пирамидасына салған

26

Түркістан облысында қылмыстар саны 9 пайызға төмендеді. Дей тұрғанмен ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық фактілері азаймай тұр. Тіпті өңір тұрғындары арасында пирамидаға сеніп қыруар қаражатынан айырылғандар да бар.

Түркістан облысында тұрғындар 650 млн теңгесін қаржы пирамидасына салған. Қаражатын көбейтіп аламыз деп алданып қалғандар саны 2000-нан асады. Қазір осы жайтқа қатысты 2 қылмыстық іс қаралып жатыр.

«Түлкібас және Төлеби, Жетісай, Мақтаарал аудандарының тұрғындары екені анықталған. Аталған істер бойынша тергеу сотының қаулысымен 2 әйелге қатысты 2 айға күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылып, жалпы 15 күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған», – дейді ТО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай. 

Ал облыс көлемінде жасалған қылмыстар саны 9%-ға азайған. Оның ішінде көш басында тұрғаны қарақшылық. Бұл жайт бойынша құқықбұзушық 50%-ға төмендеген. Алайда кей аудандарда орын алған қылмыстық істер айтарлықтар жоғары. Атап айтқанда Ордабасы ауданында 12,4, Сарыағашта 10, Төлебиде 8 пайызға артқан.

«Жалпы қылмыстардың саны 9%-ға төмендеген. Оның ішінде аса ауыр және ауыр қылмыстар 20%-ға, қарақшылық 50%-ға, ұрлық 34,3%-ға, бұзақылық 22,5%-ға азайған. Дегенмен аудандарда қылмыстар саны керісінше өскені байқалады. Оның ішінде Ордабасы, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары бар», – дейді ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ТО бойынша департаменті бастығы Асқар Сапарғалиев. 

Түркістанда кей қылмыстар саны кемігенмен, алаяқтық фактілері тиылмай тұр. Нақтырақ айтқанда облыс аумағында интернет арқылы алдаудың ауыр түрлерін тіркеу деректері 65,2%-ға өскен. Тіпті өңір басшысы қабылдауға жазылған тұрғындар арасында алданып қалып, ақша сұрап келушілер саны көбейіп бара жатқанын жеткізді.

«Жеке қабылдауға көп келеді тұрғындар. Олардың бәрі ақшасын пирамидаға салған. Несиеге кірген. Бір қарызды, бір қарызға жауып жүр. Өмірлік ұстаным жасап алған да содан белгісіз. Өздері қарыз алып, оны пирамидаға салып, одан лудоманияға кіріп кеткендер көбейді», – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар, орман шаруашылығы саласында 420 заң бұзушылық фактілері анықталған. Оларға 9 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Ал жыл басынан бері 40-тан астам бұзақылық белгілі болды. Оның басым бөлігі тиым салынған өсімдіктер мен ағаштарды рұқсатсыз кескендер. Жиын барысында «Сасық кеурек» және «Қызыл мия» терушілер саны артуына байланысты, оны жинауға тиым салу мәселесі көтерілді.