Әз-Наурыздың мың бояулы бейнесі бір көрмеге тоғысты. Пушкин атындағы кітапхана қабырғасында жайылған экспозиция ұлттық нақышты дәріптеуге негізделіп отыр. Ал Наурыз алаңында өткен іс-шара ұлттық құндылығы насихаттауға бағытталды.
Шымкентте «Көктем бояулары» сурет көрмесі өтіп жатыр. Онда 60-тан аса өнер туындысы қойылған. Ұлттық нақышта салынған картиналарды тамашалауға келген қала тұрғыны Мадина Оралбекова ерекше әсер алғанын айтады.
«Көрмеде әр түрлі нақыштағы суреттер наурыз мерекесіне орай әзірленіп жасалған екен. Тіпті бояулары, оюлары ерекше. Қаламызда осындай көрменің болғанына өте қуаныштымыз», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мадина Оралбекова.
Экспозиция әйелдер шығармашылығының сан түрлі қырын айқындайды. Атап айтқанда бесік тербеткен ана, қазақ қызының бейнесі, отбасылық құндылықтар ою өрнекпен безендіріле отырып, көрерменге ұсынылған.
«Көрмеде майлы бояумен боялған, және киізбен басылған суреттер бар. Оның мақсаты суреттерді қазақ халқына таныстыру», дейді А.С. Пушкин атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Зылиха Пернебекова.
Ал Наурыз алаңында ұлттық киім киген қыз-келіншектер мен батыр бейнесіндегі азаматтар мерекенің көркіне айналды. Олар сәбидің шыр етіп жарық дүниеге келген сәтінен бастап, ер жетіп, отбасын құрғанға дейінгі өмір жолын қазақы әдет-ғұрыптармен көрсетіп берді.
Бұдан бөлек қаламыздың театр әртістері «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Ашамайға мінгізу» сынды жөн-жоралғыларды тізбектеп, қала тұрғындары назарына ұсынды. Мерекелік кештен керемет әсер алған шымкенттіктер барша қазақ жұртына өз құттықтауын жеткізді.
«Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі өшпесін деп тілеймін. Бүгін керемет концерт өтіп жатыр. Халқымыздың дәстүрін әнмен-жырмен көрсетіп жатыр».
«Елімізге келіп жатқан Наурыз мерекесі құтты болсан. Мереке тек жақсылық қуаныш әкелсін».
«Қадірменді қалайық, сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын», — дейді қала тұрғындары.
Мерекелік шарада ән мен жыр да ұмыт қалған жоқ. Мұндағы мақсат – асыл өнеріміз бен салт-дәртүрімізді кейінгі ұрпаққа дәріптеу арқылы, ата-бабадан мұра болып қалған құндылығымызды сақтап қалу дейді ұйымдастырушылар.
«Наурыздың 5 мың жылдық тарихы бар. Наурыз көжені тілеу көже деп атайды. Қыстан аман шыққан адамдардың тілеуі ретінде есептеледі. Солардың бәрін этнографтардың шығармалары негізінде көрсету басты мақсатымыз»,- дейді әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Бақтияр Спанов.
Айта кетейік, ұлттық идеологияны насихаттауға арналған іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Бүгін этностильдегі киімдер дәріптелсе, алдағы күндері спорт түрлері мен тағамдарды ұлықтау жоспарда бар.