Елімізде диқандарға дизель отыны 250 теңгеден беріледі. Баға өткен жылғы деңгейде қалды. 2023 жылы көктемгі дала жұмыстарына бөлінген дизельдің 96 пайызы жөнелтілген. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Премьер-министрдің сөзінше, субсидия бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кеткен.
Биыл еліміздегі диқандарға берілетін дизельдің құны өзгермейді. Баға барлық 20 өңірде өткен жылғы деңгейде қалды. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Сөзінше, өткен жылы көктемгі дала жұмыстарына 419 мың тоннаның 402 мыңы немесе пайызға шаққанда 96 пайызы тиеп-жөнелтілген.
«2023 жылы күзгі дала жұмыстарына Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес 426 мың тоннаның 326 мыңы немесе 76,6 пайызы тиеп-жөнелтілді. Бағасы барлық 20 өңірдегі межелі станциядағы ҚҚС-пен литріне 250 теңге. 2023 жылы барлығы 845 мың тоннаның 728 мың тоннасы немесе 86 пайызы тиеп-жөнелтілді. 117 мың тонна немесе 14 пайызы талап етілмеді«, — деді министр Алмасадам Сәтқалиев.
Ал операторлар 728 мың тоннаның 688 мыңын сатқан. Сатылмаған 40 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының өңірлік резервуарларында орналасқан. Сондай-ақ, ол биыл көктемгі дала жұмыстары үшін пайдаланылуы мүмкін. Ал тиеп-жөнелту жұмыстары тек облыс әкімдіктері айқындайтын оператор-компаниялардың өтінімдеріне сәйкес жүзеге асырылады
“Биыл Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 1 ақпан-30 маусым аралығында «2024 жылғы көктемгі-дала жұмыстарына 340,3 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша кестесін бекітті. 2023 жылдан баға өзгерген жоқ. Барлық 20 өңірдегі межелі станцияда ҚҚС-пен литріне 250 теңге және АЖҚС бөлшек сауда бағасынан литріне 45 теңгеге арзан немесе 15 пайызға төмен«, — деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз етуге жеке ПИН-кодтар алынған. Сонымен қатар, Үкімет отырысында фермерлер субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіргені туралы айтылды. Мәселен, өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кеткен.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: “Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек”.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлардың дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.