Елімізде отбасын құруға асықпайтындар саны артқан

36

Елімізде сүрбойдақтар саны артып келеді. Былтыр Қазақстанда 1000 адамның 6-ауы ғана шаңырақ көтеруге бел буған. Айталық былтыр Шымкентте 7 мыңға тарта неке қиылса, ел көлемінде 121 мыңға тарта отбасы тіркелген. Бұл соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткіш.

Елімізде неке қию статистикасы бойынша антирекорд орнады. Былтыр заң жүзінде 121 мыңға тарта отбасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға төмен. Ал мамандар соңғы 10 жылда мұндай көрсеткіштің болмағанын алға тартады. Мәліметтерге қарағанда 2023 жылы Қазақстанда әрбір 1000 адамның 6-ауы ғана шаңырақ көтеруге ниет білдірген.

«Түркістан облысында – 2022 жылы 13 335 неке қиылса, былтыр 11 820-ға төмендеген.
Алматы облысында – 2022 жылы 10 672 неке қиылса, 2023 жылы көрсеткіш 10088-ге түскен.
Шымкент қаласында 2022-де 7205 отбасы құрылса, 2023-те 6850-ға төмендеді.
Ал Ұлытау облысында 2022-де небәрі 1442 отбасы құрылса, өткен жылы ол меже 56-ға көбейген».

Осылайша елімізде сүрбойдақтар саны артты. Оның себебі неде? Қала тұрғындарының пікіріне құлақ түрдік.

«Оқу бітіреді. Жұмыс жоқ. Амалсыз бос жүреді. Жастар көбіне жұмысқа тұрып, үй алып болған соң үйленгісі келеді. Үйленген соң жетіспеушіліктен ұрыс болады. Жұмыс жоқ болған соң, айлық жоқ. Айлық жоқ болған соң, күнкөріс жоқ».

«Қазір жастар материалды жағдайға қарап, өздерін артқа тартады. Отбасын қалай бағам дейді? Үйленген соң көбейеді. Жұмыс болмаса оларды қалай бағам деп уайымдайды деп ойлаймын».

«Қазір баяғыдай уақыт емес. Сол үшін жастар аяғынан нық тұрып, бар жағдайын жасап алып барып, үйленген дұрыс деп ойлайтын шығар. Ал ажырасудың бәрі қаражат жоқтықтан деп ойлаймын».

«Жігіттер де карьера қуғысы келетін шығар. Жағдай жасап, көлік, үй алып барып үйленем дейді. Негізі асықпай үйленген дұрыс. 25-26 жастан кейін үйленсе де жетеді», — дейді қала тұрғындары.

Қоғам белсендісі Гүлнар Омарова жастардың келешек өмірге көзқарасы өзгергенін айтады. Олар жауапкершілікті сезініп, балаға тәрбие беру жағын жоғары қоятын көрінеді. Сөзінше ажырасу мен некеге тұрғысы келмейтіндер санын жарияға жар салғанша отбасы институтын мектеп қабырғасынан құру керек дейді.

«Біз балаларға ұлттық құндылықты беруде өзімізден бастауымыз керек. Мектепте отбасының этикасы, психологиясы пәндерін берсе, практика жүзінде кейстерді оқытсақ жақсы болар еді. Сонда балалар өмірге дайын болады. Отбасы институты нығаяды деп ойлаймын»,  — дейді әйелдер істері және тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі Гүлнар Омарова.

Ал Шымкент қаласында 2023 жылы 7 мыңға тарта отбасы құрылғанмен, 2304 шаңырақ шайқалған. Ажырасқандар көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 214-ке көбейген. Мамандар мұны жастардың бір-бірін түсіне алмауымен байланыстырады. Сонымен қатар отбасылық зорлық зомбылықтың әлі күнге азаймай тұрғанын айтады.

«Қазіргі кезде көп түскен арызда мінезіміз жараспады деп жатады. Одан бөлек отбасылық зорлық-зомбылық орын алып жатады. Ішіп алып әйелін ұрады, ақшасын ойынханаларға салатындар бар. Одан қала берді, ортаға үлкендер түсіп жатады. Бізге түскен істерді біз мейлінше татуластыруға тырысып, оларға қосымша уақыт беріп жатамыз», — дейді ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотының судьясы Еркін Отарбаев.

Медиация саласында 4 жылдан аса уақыт қызмет етіп келе жатқан судья үшінші мегаполисте ажырасуға бел буғандардың 90 пайызы әйелдер екенін айтады.

«40-45 жасқа дейін үйленбей жүргендерді естіп жатамыз. Қазір қыздар мен ұлдармен жеке жұмыс істеу керек. Оларға жауапкершілікті үйрету керек. Кейінгі жастарға айтарым отбасының тәрбиесіне мән беру керек. Тәрбие дұрыс болса, келешекте балалар бақытты болады», — дейді ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотының судьясы Еркін Отарбаев.

Мамандар көбіне жастардың ойына өз отбасын қамтамасыз ете алмай қаламын деген қорқыныш ұялағанын айтады. Бұл құндылықтың өзгергенімен байланысты. Сондықтан қазір елімізде шаңырақты шайқалтпау жолдарын үйрететін тренинг қолға алынған.