Ұлттық статистика бюросы сатылымдағы дәнді дақылдардың бағасын жариялады. Ақпан айында күріш бағасы жылдық есепте 26 пайызға қымбаттады. Қазақстанда бұл өнімнің орташа құны бір келі үшін 678 теңгені құрады.
Бюро мәліметі бойынша, ең қымбат күрішті Ақтау тұрғындары – бір келісі 906 теңге, ал ең арзан бағада Талдықорған тұрғындары – 483 теңгеге сатып алып жатыр.
«Қазақстандағы орташа баға бір келі үшін 541 теңгені құрады. Ақтау қарақұмық құны бойынша көш бастап тұр — бір келісі 880 теңге, Ақтөбеде ең төменгі баға — бір келісі 393 теңге көлемінде тіркелді», — деп хабарлады статистика мамандары.
Сұлы жармасы бір жылда 3%-ға қымбаттады. Бұл жарманың келісі орта есеппен 669 теңге тұрады. Ең жоғары баға Алматыда – бір келісі 784 теңге, ең арзан баға Қарағандыда – бір келісі 438 теңге көлемінде тіркелді.
Арпа жармасы да 2,8%-ға қымбаттап, орташа бағасы бір келісі үшін 394 теңгені құрады. Ақтаулықтар бұл жарманың келісін 616 теңгеге, Қонаев тұрғындары 305 теңгеден сатып алады.