Сайрам ауданында ер адам өзінің бұрынғы әйелін кепілге алып, оны пышақпен бопсалап, өлтіретінін айтып қорқытқан. Өзін ешкім қудалап, жауапқа алмас үшін, әйелді Қызылорда бағытына қарай көлікпен алып кеткен. Дегенмен ер адамның ойы жүзеге аспады. Оны «Арлан» арнайы жасақ күші Асар шағынауданының маңында құрықтады. Алайда, жәбірленушіні мойын тұсынан жарақаттап үлгерген күдікті, өзі де бірнеше жерден жарақат алған.
Бұл жазбада өзінің бұрынғы күйеуі пышақ жарақатын салған әйелге жедел медициналық көмек көрсетілуде. 19 наурыз күні Сайрамда ер адам бұрынғы әйеліне келіп, оны пышақпен қорқыту арқылы кепілге алып, көлікпен «өлтіруге» алып кеткен. Қызылордаға қарай бағытталған көлік полициядан қашып Асар шағынауданына кірген. Күдіктінің көлігі оқиға куәгері Азат Келдібектің машинасын сырып өтіп, жарық-шу гранатасы атылған соң ғана тоқтаған. Өз машинасында жалғыз болған оқиға куәгері күдіктінің көлігінен қансыраған екі адамның түскенін айтады.
«12-лердің шамасында машинада отырғам, мына үйге келгенмін. Қылмыс болған машина мені сырып өтіп, тоқтады. Артынан қуып келген машинаның ішінен ОМОН ба, СОБР ма білмеймін, «Арлан» деп жазылған. Түсіп, ұстады ғой. Бір әйел кісі рөлден түсіп, келесі жағынан еркегі түсті. Әйел кісінің мойнынан қан көрдім. Еркектің басынан, денелерінен көрдім. Жедел жәрдем келді, бірінші әйел кісіні, екінші еркек кісіні алып кетті. Ер адамға осы жерде бірінші медициналық көмек көрсетті», — дейді куәгер Азат Келдібек.
Қылмыс кезінде жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Күдіктінің аяғында оқтан болған жарақат бар, сондай-ақ, ішкі мүшелері сыртқа шығып кеткен, дейді ақ халаттылар. Жағдайының ауырлығына байланысты күдіктіге шұғыл түрде ота жасалған. Жақын маңдағы балалар ауруханасына жеткізілген науқасқа операция жасауға №1 қалалық ауруханының хирургтары шақыртылған. Қазір науқастың жанында қарулы күзет бар. Дәрігердің айтуынша, ауыр ота өткізілгеніне қарамастан, күдіктінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол жағдайы тұрақтанған соң №1 қалалық ауруханаға жөнелтіледі.
«Түскен кезде сол санында оқтан болған жарақат кесілген және іш қуысында ашық жарақат. Ішкі органдары сыртқа шығуы. Іш майы шығып, қан ағу белгілерімен келді. Ішектері тесілген, олар тігілді. Ішкі органдарының бәрін жуып тазалап, ота жасалды. Жараларына алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Науқас отадан кейін, жансақтау бөлімінде ем алып жатыр»,- деп жеткізді Шымкент қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.
Тәртіп сақшыларынан қашқан Шевролет көлігін «Арлан» арнайы жасағы құрықтады. Полицияның мәліметіне сүйенсек, күдіктінің талабы «оны қудаламау және жауапқа тартпау» болған. Ер адам бұрын екі рет сотталған екен.
Мұрат Қабденов, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы: «Кепілге алынған адамды босату мақсатында тез арада жедел штаб құрып, «Арлан» арнайы жасақ күшімен Асар шағынауданының маңында күдікті құрықталып, жәбірленуші босатылды. Қылмыс кезінде жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді, онда оған медициналық және психологиялық көмек көрсетілді».
Оқиға туралы тәртіп сақшыларына әйелдің әкесі хабарлаған. Айта кетейік, ер адам жәбірленушімен бұрын некеде болған, 3 баласы бар. Ал 2021 жылы екеуі ажырасқан. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша бұрын сотты болған күдікті лудоманиямен ауырады.