Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Олар: тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
«Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет» – деді Президент.
«Адал азамат» ұғымымен ұштасатын құндылықтарды іс жүзінде ұстансақ, әділетті қоғамда өмір сүретініміз анық. Сондықтан біз қоғам мүшелері арасында аталған құндылықтарды дәріптеп, жүктелген тапсырмалардың сапалы орындалуына атсалысуымыз міндет. Түптеп келгенде, нақты құндылықтар – серпіліске септеседі.
Құрылтайда бірқатар мәселелер ашық көтерілді, ел алдында жүрген атпал азаматтар ой-пікірін білдіріп, қоғаммен ой бөлісті. Енді біз алқалы жиында айтылған байсалды бастамаларды іске асыруға білек сыбана кірісуіміз қажет.
Орынбай Рахманбердиев,
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы