Қазақстандық табиғи бал сұранысқа ие

27
фото eldala.kz

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, өткен жылы еліміз жалпы сомасы 406,2 мың долларға (182,8 млн теңге) 222,7 тонна бал экспорттады.

Қазақстандық табиғи балды ірі көлемде сатып алушы елдер қатарында Өзбекстан, Қытай, Сауд Арабиясы және Германия бар.

2023 жылы Өзбекстан Қазақстаннан жалпы сомасы 112,2 мың долларға (50,5 млн теңге) 111 тонна, Қытай – 176,6 мың долларға (79,5 млн теңге) 45,7 тонна, Сауд Арабиясы – 44,4 мың долларға (20 млн теңгеге жуық) 22,2 тонна, Германия – 23,8 мың долларға 21 тонна бал сатып алған (10,7 млн теңге).

Сонымен қатар, былтыр табиғи бал экспорты көрсеткішіне сүйенсек, Қазақстан басқа елдерге жалпы сомасы 153,1 мың долларға (68,9 млн теңге) 58,3 тонна бал жеткізген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе жоғары.

Айта кетейік, 2022 жыл жалпы алғанда бал экспортының төмендеуімен ерекшеленеді. 2017-2021 жылдар аралығында балды шет мемлекеттерге шығарудың тұрақты өсуі байқалды. Егер 2017 жылы Қазақстан жалпы сомасы 220,8 мың долларға (99,3 млн теңге) 87,3 мың тонна бал экспорттаса, 2021 жылы аталған көрсеткіш 328,5 мың долларға жетіп, (147,8 млн теңге) 235 тоннаны құрады.