Шымкент көшелеріне тағы 3000 камера орнатылады

35

Мегаполистегі бейнебақылау камераларының саны артады. Яғни, биыл Шымкент көшелері тағы 3000 камерамен толығады. Бірінші жартыжылдықта орнатылатын камералардың 300-і жол ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайды екен. Бейнебақылау жүйелері қай аумақтарға қойылады? Жалпы үшінші шаһардағы криминогендік ахуал қандай?

Биыл мегаполис көшелеріне тағы 3000 бақылау камерасы орнатылады. Оның 1500-і бірінші жартыжылдықта орнату жоспарланып отыр. Оның 1200-і қоғамдық қауіпсіздікті бақыласа, қалған 300-і автоматты түрде жол ережелерін бұзғандарды анықтайды. Тәртіп сақшылары құрылғымен алдымен қылмыс көп орын алатын аймақтар қамтылады дейді.

Ұлықбек Мылтықов, Жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі: «Камера қояр кезде біз талдау жасаймыз. Анализ жасаймыз. Қай жерде көп құқық бұзушылық орын алады. Қай жерде көп қылмыс орын алады. Сол анализге сәйкес адресті программа беріп камералар коямыз».

Бейнебақылау камералары тұрғындардың арыз-шағымы бойынша да орнатылады дейді жауапты басшы. Бүгінге дейін полиция қызметкерлеріне 400-ге жуық азамат камера орнату бойынша өтініш берген көрінеді. Ал қазір мегаполисте 4000-ға жуық бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұр.

Ұлықбек Мылтықов, Жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі: «Қала бойынша 3868 камера бар. Оның ішінде 1500 камера тек қана қоғамдық тәртіпті сақтау саласы бойынша қызмет атқарады. Қазіргі кезде осы 1500 камерамен 11 мың құқық бұзушылық анықталып, 85 қылмыс анықталып отыр Қоғамдық саласы бойынша».

Шымкенттік тәртіп сақшылары камералардың көптігі қала тыныштығын сақтау үшін қажет екендігін атап өтті. Сондай ақ, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде, мегаполисте криминогендік ахуал тұрақты екенін жеткізді.