Шымкенттегі ең ірі мешіт рухани, ағартушылық қызметін бірге атқарады

59

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкентке саяхатшылардың қатары көбейген. Қазақстанның өзге өңірлерінен келген отандастарымызды, шетел азаматтарын Шымқала өзінің сәулетімен көркімен таң қалдыруда.  Әсіресе, Нұрсәт шағынауданындағы жаңа, аппақ қардай ақ мешіт.

Рухани орда ағартушылық  қызметін де атқарады деп жоспарланған.  Жобаның авторы және құрылыстың идеясын ұсынушы елімізге белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанұлы. Шымқаладағы Ақ  мешітті салуға Абу-Даби қаласындағы Шейх Заидтің мешіті негіз болыпты.

Мәрмәр Түркиядағы Муглы қаласынан жеткізіліп, мешіт классикалық ислам үлгісінде ғана емес, ұлттық нақышта  қаланған.

Мешіт ғимаратына  бірден 12 мыңға жуық мінәжәт етушілердің сыю мүмкіндігі бар. 12  гектар алаңда бой көтерген мешітті желдету үшін жазда  залалсыздандыру және  салқындату, қыста жылыту үшін арнайы жабдық арқылы өтетін табиғи ағында ауа қолданылады. Бұл технология Мәскеудегі метроның құрылысы барысында қолданылған. Ақ мешіттің құрылысында Қожа Ахмет Ясауи  кесенесін салу кезінде қолданылған ерте кездегі сәулет технологиялары да  ескерілген.

Мешіт кешенінде  бір мың орынға лайықталған конгресс-холл, неке қию сарайы, ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапхана, әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталық пен бір  мың орынға шақталған асхана қарастырылған.

Автотұрақ мәселесі де  ойластырылған. Мұнда үш деңгейлі жерасты паркингі, лифт, эскалаторлар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паркинг те  қарастырылған.

Нысанның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, қазір мешіттің  ішін безендіру, жасақтау,  сыртқы аумақты көгалдандыру және  автопаркингтегі жұмыстар жүріп жатыр.

Мешіт ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.